Референдумды қолдау штабының мүшелері азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті

19 Мамыр 2022, 18:15
1433
Бөлісу:
Референдумды қолдау штабының мүшелері азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Өскеменде референдумды қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық штабтың мүшелері аудан-қалалардағы үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу өткізді. 

Онлайн және офлайн режимінде өткен жиында конституциялық реформаның мән-жайы түсіндірілді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында конституциялық реформалардың басталатыны туралы мәлімдеген болатын. Себебі, саяси жүйені түбегейлі жаңарту қажет, қоғамның сұранысы да – осы. Ал, 29 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті съезінде Мемлекет басшысы Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын халық талқысына салып, референдумға шығаруды ұсынды. Халық өзінің келешек тағдырын өзі шешуі тиіс делінді, – деді облыстық қоғамдық штабтың төрағасы Олег Чернышов.

Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерді негізінен үш топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі Президенттің өкілеттігін шектеуді, екіншісі елдегі сайлау жүйесін өзгертуді, үшіншісі азаматтардың құқығын қорғауды күшейтуді көздейді. Штаб мүшелері осы реформалардың әрқайсысын жіті ұғындырып, қоғамға нақты тигізер пайдасына тоқталды.

Штаб мүшесі, әлеуметтанушы Элеонора Столярова алда өтетін референдумды маңызды тарихи оқиға деп бағалап, жоспарланған реформалардың нақты іске асуы алдағы референдумның нәтижесіне тікелей байланысты екенін атап көрсетті. 

 Біз отыз жыл бойы демократиялық қоғам құруға тырыстық. Ал демократия дегеніміз – халықтың өзін-өзі басқаруы. Шынын айту керек, соңғы он жылда елде демократияның тапшылығы қатты сезілді. Әлбетте, демократияландыру процесінің шексіз екені түсінікті, десек те оның қазіргі көлемі – біздің қоғам үшін тым аз.  Азаматтық бейбітшілікті, қоғамның қауіпсіздігін, ел экономикасының өркендеуін қаласақ, нақ осы демократияландыру мәселесіне бейжай қарауға болмайды. Тағы бір атап өтерлік жайт, бүгінгі таңда билікке, сайлау үрдісіне деген халықтың сенімі төмендеп кеткен. Алдағы референдумды барынша ашық, әділ өткізу аса маңызды, келешек біздің дамуымыз осы науқанға тікелей байланысты болып отыр, – деді әлеуметтанушы ғалым өз сөзінде.

Конституциялық реформалар ел Президентінің бастамасы болса да, ол ең алдымен халықтың сұраныс-тілегінен туындап отыр. Кездесуге қатысқан облыс прокуратурасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғазиз Найзабаев референдумға қатысты осындай өз ой-пікірімен бөлісті.

Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарап жатқан Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістер мен толықтыруларды заң саласының маманы ретінде мұқият зерделеп шықтым. Реформа негізінен үш мақсатты көздейді, олар – суперпрезиденттік басқару жүйесінен президенттік жүйеге көшу, қоғамды демократияландыру және азаматтар құқығын барынша қорғау. Бұның бәрі де – дұрыс қадамдар. Жалпы, аталған мәселені референдумға шығарудың өзі-ақ – демократияның көрінісі. 1995 жылы осы Ата заң қабылданғанда ғана референдум өтті де, одан кейінгі төрт рет енгізілген өзгерістер Парламент қабырғасында мақұлдана салған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында суперпрезиденттік модель керек те болған шығар. Ал, қазіргі жағдайда бір адамның қолына шексіз билік берген дұрыс емес. Президенттің партия басшылығынан кетуі де, ешбір партияға мүше болмауы да – қисынды әрі әділетті шешімдер, – деді Ғазиз Найзабаев.

Олег Чернышовтың айтуынша, 5 маусымда өзгерістер халық тарапынан мақұлданса, Ата заңның жаңартылған нұсқасы өз күшіне тек келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қана енеді. Осы аралықта елдегі көптеген заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер өзгеріске ұшырайды, жаңадан қабылданады. 

 Айталық, Шығыстың шалғай ауылындағы азамат құрылғалы отырған Конституциялық сотқа қалай жүгіне алады? Міне, осы секілді механизмдерді реттейтін арнайы заң осы мерзім ішінде әзірленуі тиіс. Егер, бұл заңдар нақты іске аспаса, халықтың билікке деген сенімі мүлдем жоғалуы ықимал. Үкіметтік емес ұйымдар да осы заңдардың әзірленуіне атсалысуы керек. Меніңше, референдумға азаматтардың көпшілігі қатысады, басым бөлігі «иә» деп дауыс береді, – деді Олег Чернышов. 

«Әділдік жолы» бірлестігі облыстық филиалының басшысы Әділ Пішенов халық арасында Ата заңға енгізілгелі отырған өзгерістерге қатысты көптеген сауалдар бар екенін айтып, түсіндіру жұмыстарын барынша ширақ әрі жан-жақты өткізу қажеттігін атап өтті. 

Жиынға қатысқан облыс өңірлеріндегі үкіметтік емес ұйымдар өкілдері алдағы референдумның маңызын атап, жыл соңына дейін қабылданатын заңдардың халық үдесінен шығарына сенім білдірді.   

Өзгелердің жаңалығы