Қызылордалықтардың 93 пайызы аймақтағы түрлі этнос өкілдерінің қарым-қатынасын «қолайлы» деп бағалады

22 Ақпан 2022, 17:25
1949
Бөлісу:
Қызылордалықтардың 93 пайызы аймақтағы түрлі этнос өкілдерінің қарым-қатынасын «қолайлы» деп бағалады

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында әлеуметтік зерттеу сауалнамасына қатысқан өңір тұрғындарының 93 пайызы аймақтағы түрлі этнос өкілдері арасындағы қарым-қатынасты «бір қалыпты», «қолайлы» деп бағалады. 

Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Болатбек Айтбенбетов хабарлады.

Өткен жылы аймақ тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша халықтың 89,7 пайызы Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз өміріне қанағаттанатынын жеткізген. 

Былтырғы жылы әлеуметтік зерттеуге қатысқан облыс тұрғындарының 93 пайызы өз аймағындағы түрлі этностар арасындағы қарым-қатынас жағдайы «бір қалыпты» және «қолайлы» деп есептеді. Сондай-ақ сауалнамаға қатысқан этнос өкілдерінің 84,4 пайызы айналасындағылардың өздеріне деген теріс ниетті қарым-қатынасын сезінбегенін жеткізді, - дейді Болатбек Айтбенбетов.

 Сонымен қатар аймақ тұрғындарының дені этносаралық қақтығыстың болуы мүмкін емес деп есептейді. Дәлірек айтсақ, сауалнамаға жауап берушілердің 88,4 пайызы осы ойды берік ұстанған. 

Әлеуметтік зерттеулердің қорытындысымен респонденттердің 29,5 пайызы миграциялық сезімге ие болса, сауалнамаға қатысушылардың 72,7 пайызы тұрғылықты жерде тұратын этнос өкілдеріне оң көзқарас танытатынын білдірді. Оған қоса, респонденттердің 74,7 пайызы Қазақстандағы этносаралық келісімді сақтау жөніндегі мемлекеттік саясатты толық немесе ішінара қолдайтынын білдірді, - дейді Болатбек Айтбенбетов. 

Достық үйі директорының айтуынша, өңірде этносаралық жағдайға оң көзқарас тұрақты қалыптасқан. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, аймақта қалыптасқан этносаралық ахуалды теріс қабылдаудан гөрі, оны оң бағалау басым болып отыр.

Осы орайда өңірдегі өзге ұлт өкілдері де татулық пен бірліктің мызғымауына өз үлестерін қосып келеді. 

Қазақ елі қашанда бекем бірлік пен тату тірліктің мекені бола білген. Отандастарымыздың ақ пейілдері еліміздің тұтастығын нығайтуға өз үлесін қосуда. Біз де ұлттың бірлігін одан әрі сақтап қалуға аянбай еңбек етіп келеміз. Аймақтағы татулықтың туын желбіреткен Достық үйі біздер үшін киелі, құт-мекен. Түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына жиған осы киелі мекенде бейбітшіліктің, ұлтаралық татулықтың үлгісін көрсетіп келеміз, - дейді Қызылорда облыстық шешен этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Лайла Пашаева. 

 Лайла Алиқызының айтуынша, 1944 жылдың ақпан айынан бастап шешен халқының жер аударылуы басталған. Осы уақытта оның да ата-анасы жер аударылып, бұрын-соңды көрмеген мекенге қоныс аударған. 

Қазақ және орыс тілін білмеуіміз қиындық туғызды. Халқымыз қиындықтарды бастан кешіп өмір сүрді. Осы уақытта қонақжай қазақ халқы біздерге көмек қолын созып, шешен халқының аяққа тұруына ықпал етті. Қазақтың тек шешендерге ғана емес, өзге де ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруіне мүмкіндік туғызды. Қазақ халқы тарапынан біздерге теріс ниет танытқандар жоқ. Керісінше, біздің ұлт болып ұйысуымызға атсалысты. Сол үшін де қазақ халқына мың алғыс, - деді Лайла Пашаева. 

Өзгелердің жаңалығы