Міндетті түрде айтып отырмаса, ешкім жұмыс істегісі келмейді – Аймағамбетов кітапхана жұмысы туралы

22 Ақпан 2022, 17:06
1507
Бөлісу:
Міндетті түрде айтып отырмаса, ешкім жұмыс істегісі келмейді – Аймағамбетов кітапхана жұмысы туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында мектеп кітапханаларының жұмысындағы олқылықтарды атады.

Білім министрі атап өткендей, кітап оқу мәдениетін қалыптасыру, жалпы оқу сауаттылығын арттыру – біз үшін үлкен міндет. 

Осы бағытта «Кітапқа құштар мектеп» жобасын іске асырып жатырмыз. Әрине, біраз жақсы өзгеріс барын жоққа шығаруға болмайды. Кітапханалардың балаларға қажетті әдебиеттермен толықтырылуы, 400-ден астам әртүрлі коворкинг орталықтарының ашылуы, кітапханашылардың жаңа форматта жұмыс істей бастауы, оқырмандардың көбею мәселесі қуантады. Бірақ әлі де шешілмей жатқан сұрақтар бар. Оның ішінде барлық өңірде бірдей жоғары деңгейде осы жоба іске асып жатқан жоқ. Әсіресе, елордада, Ақмола облысында бұл жоба өте төмен деңгейде іске асырылып жатыр. Ал басқа да өңірлер бойынша тиісті зерттеулерді жүргіземіз, - дейді Асхат Аймағамбетов.

Білім басшысы облыстардың білім басқармалары, мектеп директорлары жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыруы қажеттігін айтып, тапсырма берді.

Биыл күн сайын 20 минут кітап оқу мәселесін енгізген болатынбыз. Коворкинг форматында жұмыс ұйымдастыру, кітапханашылардың жұмысын жаңаша жүргізу, басқа да бағытта жұмыс жүргізілуі керек. Бірақ бүгінде осы мәселелерге тиісті деңгейде көңіл бөлінбей жатыр. Анау күні бір мектепке барып, кітапханасын қарадым. Кітапханаға кіріп келгенде балаларға арналған кітаптар көрсетіліп тұруы керек. Бірақ оның орнына балаларға қызықты емес туындылар тұр. Сонда басты бағыттың, міндеттің өзін ешкім түсінбей отыр. Сатып алынған кітаптардың өзін қарасақ, қажет емес, мүмкін қажет те шығар. Осындай кітаптардың қажет емес көлемін сатып алып қойған. Өте күрделі. Әйтеуір кітап сатып алу керек деп, ойына келген кітапты сатып алудың қажеті жоқ. Тиісті тізім, мектеп бағдарламасы бар. Сол бағдарламаға сәйкес кітап сатып алу керек, - деп айтты министр.

Аймағамбетов бұл жұмыс бойынша Республикалық кітапхана мен оқулық орталығы айналысып жатқанын айтты. Министр әріптестеріне барлық білім беру ұйымдарының мектеп кітапханаларындағы әдеби кітаптарға талдама жүргізіп, есеп беруді 2 апта уақыт берді.

Сол есептің нәтижесі бойынша тиісті шара қабылдаймыз. Қажет болса, орындарынан босату керек. Кітап оқу мәдениетін, сауаттылығын арттырамыз деп жатсақ, кейбір әріптестеріміз мұны түсінбесе, онда олар ары қарай жұмысын жалғастырмауы керек. Бұл біз, Мемлекет басшысы айтпай-ақ, әр адамның, әр қызметшінің міндеті және күнделікті жұмысы. Міндетті түрде айтып, көтеріп отырмаса, ешкім жұмыс істегісі келмейді, - деп түсіндірді Білім министрі аппарат отырысында.

Өзгелердің жаңалығы