12-13 қыркүйекте Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Creative Aimaq жобасы аясында Қызылорда облысының креативті индустриялар жәрмеңкесі өтті.
Екі күнде жәрмеңкеге 4,9 мыңға жуық адам келіп, өңір креаторлары 12,1 млн теңгенің өнімін сатты.
Жәрмеңкеде креативті индустрияның 21 бағыты бойынша өнімдер мен жобалар ұсынылды. Ұлттық музыкалық аспаптар, кілемдер мен картиналарға сұраныс жоғары болды. Сондай-ақ зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер, ағаш пен сүйектен жасалған бұйымдар және басқа да авторлық өнімдер сатылды.
Келушілерге Qyzylorda Hub цифрлық әзірлемелері мен заманауи медиа жобалар таныстырылды. Сонымен қатар ұлттық нақыш пен заманауи дизайнды үйлестірген Syr Style Collection сән топтамасының көрсетілімі өтті.
Бағдарлама аясында қолөнер бойынша шеберлік сабақтары, концерттер мен сән көрсетілімдері ұйымдастырылды.
Жәрмеңке Қызылорда облысының шығармашылық әлеуетін таныстырып, жергілікті шеберлер мен дизайнерлердің өнімдерін және өңірлік брендтерді ілгерілетуге мүмкіндік берді.