Қызылордалық агроном жылына 20 тонна қозықұйрық өсіреді

20 Мамыр 2022, 10:46
4917
Бөлісу:
Қызылордалық агроном жылына 20 тонна қозықұйрық өсіреді

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында соңғы 9 жылда кәсіпкерлерді қаржылай қолдап, мемлекеттік грант беріліп жатыр. 

«Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлердің жаңашыл жобалары қайтарымсыз жолмен қаржыландырылып отыр. 

Қызылордалық агроном жылына 20 тонна қозықұйрық өсіреді

Жаңашыл идеясын конкурсқа ұсынған қызылордалық кәсіпкер Мақпал Төлепбергенованың бизнес-жобасы да Үкіметтен қолдау тапты. Ол былтыр «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы арқылы арнайы курстан өтіп, 5 миллион теңге грант ұтып алған. Қайтарымсыз қаржыға кәсіпкер қозықұйрық егіп, алғашқы өнімін алып жатыр. 

Өзімнің мамандығым агроном. Университетте алған білімді әрі қарай инновациялық жолмен дамытып, бизнес ашуды ойға алдым. Бастапқы кезде артық қаражатым болмады. Сондықтан мемлекет көмегіне жүгіндім. «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы грантты тек жаңашыл идеяларға құрылған кәсіп түріне берілетінін білдім. Сөйтіп Қызылордада бұрын өсірілмеген қозықұйрық кәсібін ашуды жоспарлап, бизнес-жоспарымды конкурсқа ұсындым. Жобам комиссия тарапынан қолдау тапты. Бұрын-соңды аймақта мұндай кәсіп түрі болмаған соң, біршама қиындықтар да кездесті. Бірте-бірте жолға қойылып келе жатыр. Бүгінде алғашқы өнімін де алып жатырмыз. Еңбектеніп, жан-жақты ізденген адамға елімізде көмек түрі көп екенін ұқтым, - дейді кәсіпкер Мақпал Төлепбергенова. 

Мақпал елімізде кенжелеп қалған, ерекше күтімді қажет ететін кәсіп түрін меңгеру оңайға соқпағанын айтты. Бірақ өнімнің денсаулыққа пайдасы мол. 250 шаршы метр  аумақта 2 камерасы бар мини-фирма төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. 

Қызылордалық агроном жылына 20 тонна қозықұйрық өсіреді

Бізде егілген қозықұйрық 2 айда өсіп шығады. Жылына 6 рет егіп, 20 тонна қозықұйрық алуға болады. Тұқымын Ресей мемлекетінен алдыртамыз. Қазір алғашқы өнімді жинап жатырмыз. Жиналған өнімнің келісін 1700-2100 теңге аралығында өткізіп жатырмыз. Қызылорда және Байқоңыр қалаларының тұрғындары алады, - деді Мақсат Мүсілім.  

Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше былтыр конкурсқа барлығы 179 кәсіпкер өтінім берген. Нәтижесінде комиссия шешімімен 248,7 млн теңгеге 18-29 жас аралығындағы 68 кәсіпкердің жобасына қайтарымсыз грант беріліп отыр.  

Мемлекеттік грант беруге мақұлданған бизнес-жобаларының негізгі үлесі өнеркәсіп секторына тиесілі. Тамақ, киім өнімдерін және құрылыс материалдарын шығаратын шағын цехтардың жобалары мақұлданған. Комиссия шешімімен «Эко ыдыс-аяқ өндірісі», «Шеге өндірісі», «Резеңке аяқ-киім өндірісі», «Ет чипсы өндірісі», «Тент шығаратын цех», «Макулатура қабылдау пункті» секілді жаңадан іске қосылатын бірқатар жоба қолдау тапты.

Өзгелердің жаңалығы