Қызылордада жеңіл өнеркәсіп саласы дамып келеді

20 Қыркүйек 2022, 19:44
1590
Бөлісу:
Қызылордада жеңіл өнеркәсіп саласы дамып келеді

Қызылорда облысында бизнес саласына қадам басқан кәсіпкерлердің саны күн санап артып келеді, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Әртүрлі саланы қамтыған бизнесмендердің  қатарында Жанар мен Шынар Прекеевалардың ұлттық нақышта дайындалатын қыз жасауы жоғары сұранысқа ие.

Ағайынды кәсіпкерлер осыдан бірер жыл бұрын «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 миллион теңге несие алған. Бүгінде «Kerim Sulu» орталығында замануи, сапалы, арнайы тапсырыспен тігілген құрақ көрпелер, ұлттық өрнек бейнеленген жастықтар мен бесік, дастархандар, тұсау-кесер жиынтықтары дайындалады.

Негізі колледжде  кәсіптік саладағы жастарға білім беремін, яғни ұстаз қызметін атқарамын. Кәсіптік сала болған соң оқу орнында тігін үйрету бағыты да болатынын білесіздер. Ал қолөнерге деген қызығушылығым 2017 жылы Англияға білімімді жетілдіруге барған тұста басталды. Сол елден қайтар сәтте тігін машиналары қойылған үлкен дүкенге жолым түсті. Осы жерде пайда болған мақсаттарым тігін саласына келуіме себеп болды. Елге келген соң ерекше жобамен айналысқым келді. Әдетте қазақ халқы қыз баласын аққудай аялап, мәпелеп өсіреді де, тұрмысқа шығар сәтте жасауына ерекше мән береді. Сондай әдемі дүниелерді, яғни қазақ қызының жасауын ұлттық брендке айналдырғым келді. Анамның қолына ине ұстап, түрлі ою-өрнекке жан бітіргенін бала күннен көріп өстік. Өзім ұстаз әрі ана атанғаннан кейін қосымша табыс тауып, кәсіп бастағанды жөн көрдім, − дейді Жанар Мақсатқызы.

Ең алғаш  қырық мың теңгеге сатып алған ескі тігін машинасымен қыз жасауын дайындап бастаған бизнесмен кәсіпті игеру қиын болғанын да жасырмады.

Біз дайындаған өнімдеріміздің брендке айналуын армандадық, қолымыздан келгенді жасап, барынша тырыстық. Бірақ үш жыл ішінде осындай үлкен нәтижеге жетеміз деп ойлаған жоқпыз. Бастысы мен бұл кәсіп түрін жақсы көріп жасадым. Алғашында кәсіпті туыстарымыздың тапсырысын тігіп бастап едік, ал қазір тұрғындар тарапынан тапсырыс өте көп. Мұның бәрі халықтың, адал еңбектің нәтижесі деп ойлаймын. «Kerim Sulu» мен үшін ғана емес, Қызылорда қаласында бірінші орында тұратын орталық деп ойлаймын. Өйткені біз сапаны бірінші орынға қоямыз және ешкімге ұқсамауға тырысып, ерекше дизайнда жұмыс жасаймыз. Бізде «Хан», «Алмагүл», «Арайлым» топтамаларына жиі тапсырыс түседі, − дейді ол.

Кәсіпкерлер несие алуда мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілгенін де тілге тиек етті. Олар орталықтағы өнімнің көлемін арттыру және цех аумағын ұлғайту мақсатында өткен жылдың желтоқсан айында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында алты пайыз жеңіл несиемен 14,0 миллион теңге алған.

Қазір елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға ерекше мән берілуде. Бұл – кәсіпкерлік саласының басым бағыттарының бірі. Себебі аталған саланың әлеуметтік маңызынан бөлек, халықты жұмыспен қамтуда атқаратын рөлі басым. Бүгінде цехқа жеті адамды жұмысқа қабылдадық. «Даму» Қоры біздің жобаларымызды жүзеге асыруға және одан әрі кеңейтуге әрдайым қолдау көрсетуде», − дейді Шынар Прекеева.

Өзгелердің жаңалығы