Қызылордада тамшылатып суаруды қолданатын шаруашылықтар көбейіп келеді

22 Сәуір 2022, 15:30
4482
Бөлісу:
Қызылордада тамшылатып суаруды қолданатын шаруашылықтар көбейіп келеді

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Су тапшылығы мәселесінде Қызылорда облысының егін шаруашылығы саласындағы серіктестіктердің біразы тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісін қолданып келеді. Аймақта соңғы жылдары суарудың бұл әдістерін қолданысқа енгізіп, тиімділігін көріп келе жатқан  шаруашылықтар бар.  Солардың бірі – «Іскер-М» ЖШС.

Өңірдегі «Іскер-М» ЖШС тамшылатып суару әдісін терең меңгерген. Шаруашылықтың егіс алқабындағы қауын-қарбыз, жүгері дақылдары мен көкөністер бір гектарға жуық жерге егілген. 

Қазіргі таңда серіктестік басшылығы су тапшылығы мәселесінде егістікке алаңдамайды. Себебі шаруашылық тамшылатып суару әдісін алты жылдан бері қолданып келеді. Бұл істе серіктестік голландиялық мамандармен бірлесе жұмыс істеп келе жатыр. Қазір олардың егіс алқаптарында барлығы автоматтандырылған. Мысалы, суару функциясы интернет арқылы жүзеге асырылады. 

Бүгінде шаруашылықтың базасынан көрнекі шаруа қожалығы мен шаруаларды оқытатын орталық ашу жоспарлануда. Көп жылғы еңбектің нәтижесінде шаруашылық диқандары жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. иқандар бірнеше рет Сыр өңірінің қауынын Санкт-Петербург қаласына экспортқа жіберді. Шетелге шығарылған қауынның бұл түрі халықаралық нарықта сұранысқа ие. Шырынды, ұзақ жолға тасымалдауға төзімді қауынның салмағы екі-үш келіден аспайды.

Серіктестіктің бас агрономы Арыстанбек Шайменовтың айтуынша, тамшылатып суару суды он есе үнемдейді.

«Голландиялық серіктесіміз – әлемдік деңгейдегі озық агротехнологияларды әзірлеуші ​​әрі тасымалдаушы «Rijk Zwaan» компаниясының қолдауымен біз Қызылордада тәжірибе алаңын жасадық. Испания және голланд селекцияларының көптеген әлемдік брендтерінің қауын тұқымдарын будандастыру жұмысы жүргізілді. Бұл эксперименттерді жасау үшін біз өз қаражатымызды құйдық, оған қоса, несие де алдық.  Шаруаларды оқытатын орталықты да өз қаражатымызға ашып отырмыз. Біз қажетті құрал-жабдықтарды өз қаражатымызға сатып аламыз. Өйткені біздің тренингіміз тәжірибеден тұрады», – дейді бас агрономы Арыстанбек Шайменов. 

Аймақта жаңбырлатып суарудың тиімділігін көріп келе жатқан кәсіпкерлік нысанның бірі Қазалы ауданындағы «Рза-Агро» ЖШС. 

Серіктестік бір мезгілде 87 гектар жерді суаратын Испанияда жасалған жаңбырлататын қондырғы сатып алып, орнатты. Бұл шаруашылықта екі мың гектардан астам күріш, 500 гектар сүрлемдік жүгері дәнді дақылдары бар. Сондай-ақ арпа, жоңышқа, бидай дақылдары өседі. 

Серіктестік директоры Нұрлан Имандосовтың айтуынша, серіктестік 2020 жылы егін шаруашылығы үшін 300 гектар жердің сортаңын қалпына келтіруді ұйғарған. Диқандар жердің тұзын жойып, топырақты байыту үшін фосфорфиптер мен көңді пайдаланған. 

«Біз спринклер жүйесін сатып алдық. Ол биылғы маусымда бұрынғы сортаң жерге егілген 65 гектар жүгеріні суаруда. 1960 жылдардың ортасына дейін жаңбырлату әдісі арқылы суды үнемдеу жағынан революция болды және арық арқылы суарумен салыстырғанда оның шығынын он есе аз болған. Судың аздығынан жүгеріні маусымда бір рет болса да суаратын кезіміз болды. Сонымен біз спринклер жүйесін орнаттық. 65 гектар жүгері алқабымызды суаруда. Күрішке келсек, жылдан жылға егіс алқабын қысқартудамыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын төрт мың гектарға жуық егін ексек, қазір бұл көрсеткіш екі мың гектарды құрап отыр. Жаңа технологиялардың арқасында бізде суару мәселесінде проблема жоқ. Егістікте арамшөп те жоқ, барлық дәрумендер мен қоректік заттарды өсімдіктер қажетінше алады», - дейді Нұрлан Имандосов.

Қазіргі таңда аймақта тамшылатып сурау әдісі бірнеше аудандағы шаруашылықтарда қолға алынған. Мәселен Жалағаш ауданындағы «Құрманбай ата» шаруа қожалығы алты гектар жерге күздік алма сортын еккен. Аудандағы алма бақта тамшылатып суару әдісі қолданылады. Тамшылатып суару әдісін қолданған шаруаларға субсидия берілетіні белгілі. Алдағы уақытта бұл шаруа қожалығы бау-бақша алаңын кеңейтіп, сондай-ақ жылыжай салып, онда көкөністер мен ас көк өсіруді көздеп отыр. 

Бүгінгі таңда шаруаның басты міндеті – суармалы суды үнемдеу десек, бұл технологияны пайдалану терең білімді қажет етеді.

 

Өзгелердің жаңалығы