Қызылордада көктемгі дала жұмыстары басталды

7 Сәуір 2022, 20:07
3871
Бөлісу:
Қызылордада көктемгі дала жұмыстары басталды

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шиелі ауданында көктемгі егіс жұмыстарын алғашқылардың бірі болып Ақтоған ауылдық округіндегі «Адына» шаруа қожалығы бастады. Мұнда олар көктемнің басталуын күтпей, ақпан айында жаздық бидай, наурыз айының басында мақсары екті.

Шаруа қожалығының негізгі бағыты – мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамыту. Мұнда 500 гектарға жуық егіс алқабы бар. Бүгінгі таңда шаруашылықта біраз егін егу жұмыстары аяқталды. Мәселен, мақсары 130 гектарға, 70 гектарға жаздық бидайдың тұқымы себілген.

Біраз уақыттан кейін біз күріш егуге кірісеміз. 300 гектар жерге күріш егуді жоспарлап отырмыз. Егін алқабындағы агротехникалық жұмыстарды толық орындау үшін барлық ауылшаруашылық техникалары бар. Сонымен қатар түрлі өсімдіктерді азықтандыру үшін 40 тонна «Аммофос» тыңайтқышын дайындап қойдық, - дейді қожалық басшысы Шағдар Сейітжанов.

Шаруа қожалығында 20 адам жұмыс істейді, мұндағы орташа жалақы 120 мың теңге.

Мен туған ауылымда ауыл шаруашылық жұмыстарымен айналысқанды ұнатамын. Ауылымызда жұмыс жеткілікті болса, алысқа барып не керек?. Айлықты уақытылы алып, қосымша бақша өнімдерін егіп, мал бағамын. Жылдық табысым қала тұрғындарынан кем емес. Сондықтан өз қатарластарымды ауылға жұмысқа шақырамын. Бізге қазір механиктер керек- деді күрішші Әлихан Смайылов. 

Шаруа қожалығының басшысы Шағдар Сейітжановтың айтуынша егіс жұмыстары кезінде жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау, агроқұрылымның ойдағыдай өтуінде маңызды рөл атқаратынын айтты. 
 

Өзгелердің жаңалығы