Қызылорда облысында 57 мыңға жуық кәсіпкер бар

14 Наурыз 2022, 19:12
2336
Бөлісу:
Қызылорда облысында 57 мыңға жуық кәсіпкер бар

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында өткен жылы кәсіпкерлер саны 4,2 пайызға артты. Бұл туралы Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тасқараев мәлімдеді.

Былтырғы жылы аймақта 56 976 кәсіпкер бар екені айқындалды. Оның ішінде дәл қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік саны 56 063-ті құрап отыр. Осы кәсіпкерлік нысандарда 105 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған болса, өндірілген өнім көлемі 173,3 миллиаpд теңгені құрады. Яғни, 15,7 пайыз артып отыр. 

Мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыруда саладағы көрсеткіштер ұлғайды. Өткен жылы несие портфелі  36,5 миллиаpд теңгені құрайтын 3168 жобаны қаржыландырды. Атап айтар болсақ, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталық арқылы 1,6 миллиаpд теңгеге 207 жоба, «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында 4,1 млрд теңгеге 913 жоба, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде 30,9 миллиаpд теңгеге 2048 жоба несиелендірілді, - дейді Мұрат Тасқараев. 

Өңірде мұнан өзге кәсіпкерлік бағытты қолға алған 3885 адамға барлығы 2,4 миллиаpд теңге мемлекеттік грант берілді.

Сонымен қатар биылғы жылы кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан 5,8 миллиаpд тeңгe көлемінде қаржы қарастырылып отыр. Оның ішінде «Қызылopдa» өңipлiк инвecтициялық opтaлығынa 950 миллион тeңгe, «Бизнecтiң жoл кapтacы – 2025» бaғдapлaмacынa 2,5 миллиаpд тeңгe және мемлекеттік гранттар беру үшін «Еңбек» бағдарламасына 2,4 млpд тeңгe қаржы бөлінді. 

Сонымен қатар, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «жыл сайын әрбір 10 мың тұрғын үшін кемінде 100 жұмыс орнын құру» мақсатында арнайы жоспар әзірленіп, қазіргі таңда құжат бекітілуде, - дейді Мұрат Тасқараев. 

Басқарма басшының орынбасары шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған шаралар биылғы жылы да өз жалғасын табатынын айтты. 

Қазіргі таңда аймақта түрлі салада бизнес бастап, өз кәсібін кеңейтіп жатқан кәсіпкерлер саны көп. Солардың қатарында «Бал шығару» жобасын бастаған «Қызылорда жантақ балы» ЖШС директоры Асхат Раисов та бар. 

Кәсіпкер өткен жылы жоба аясында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 2 пайызбен 50 миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Бүгінде кәсіпкер біршама сауда орталықтарында өз өнімін сатуда.  

Біздің серіктестіктің нарықта жұмыс бастағанына бір жылға жуық уақыт болды. Біз бал өндірмейміз, тек сатып алып, оны орап дүкен сөрелеріне жеткіземіз. Бізде балдың үш түрі сатылады. Қазіргі таңда компанияның жылына 30 тоннаға жуық бал өндіруге мүмкіндігі бар, - дейді серіктестік директоры Асхат Раисов. 

Мемлекеттік қолдауға ие болып, жеңілдетілген несие арқылы бизнес бастаған кәсіпкер бүгінде 5 адамды жұмыспен қамтыған. Ол алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, кең көлемде бал өндіруді қолға алуды жоспарлап отыр.

 

Өзгелердің жаңалығы