Қызылорда облысы: көп балалы аналар таңдау жасады

20 Қараша 2022, 12:50
1519
Бөлісу:
Қызылорда облысы: көп балалы аналар таңдау жасады

Ел тарихы үшін  маңызды саналатын Президент сайлауында көп балалы аналар да таңдау жасауда. Қазалы ауданына қарасты Үрмәш Түктібаев елді мекенінде тұратын Алтынбаевтар отбасы сайлау учаскесіне үшем қыздарымен бірге келіп, дауыс берді, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

 «Алтын алқа» иегері, сегіз баланың анасы Айгерім Махамбетжанова сайлау учаскесіне екі жастан асқан үшем қыздары – Айғаным, Айғанат, Асылыммен бірге келіпті. 
Сайлау учаскесіне ерте келіп, өз таңдауымызды жасадық.  Осындай шешуші сәттен қалыс қалмай саяси науқанға қатысуға тиістіміз. Өйткені, мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға жиі көңіл бөлінеді. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын деген ниетпен таңдау жасадық, - дейді алтын құрсақты ана.

 Таңмен таласа тұрып, сайлауға келгендердің қатарында Жақыповтар отбасы да бар. Шапағат пен Толағай есімді егіз қыздарымен бірге сайлау учаскесіне келген олар саяси науқанның балалар болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.

 «Егіздер ауылы» атымен танымал біздің ауылда 26 егіз, 1 үшем дүниеге келген. Көп балалы ана ретінде мемлекет қамқорлығын көріп келеміз. Сондықтан саяси науқаннан, қоғамдық бастамадан тысқары қалмауды шешіп, сайлауға келіп, өз таңдауымызды жасадық, - дейді  ауыл тұрғыны Бағдагүл.

Саяси науқанда белсенділік танытқан үшемдер мен егіз балалардың ата-аналарына биылғы «Балалар» жылына орай сайлау учаскесінде естелік сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, елді мекендегі №88 орта мектепте орналасқан сайлау учаскесінде науқанға дайындық жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Аталған орталық талапқа сай дауыс беру жәшіктерімен, қажетті ақпараттық матеиалдармен, техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Сайлау учаскесіне 1025 сайлаушы тіркелген. Ауыл тұрғындарының белсенділігі жоғары. Дауыс беруге жалғыз да, отбасыларымен де келіп жатыр. Солардың ішінде үшемдер мен егіз балаларды дүниеге әкелген ата-аналар Қуаныш пен Әйгерім, Таңат пен Перизат та бар,  - дейді  №68 сайлау учаскесінің төрағасы Қуандық Қожалепесов.

Сонымен қатар, аталған сайлау учаскесіндегі дауыс беру процесіне жергілікті байқаушылар бақылау жүргізуде.

Өзгелердің жаңалығы