«Қызыл-Жардың» экс-президенті Григорий Лория іздеуде: Оған қандай айып тағылды?

ҚМА мемлекетаралық іздеу жариялады. Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті футбол клубына бөлінген қаражатқа қатысты заңсыз схемаға қатысы бар.

11 Қараша 2026, 12:29
АВТОР
 kazfootball.kz 11 Қараша 2026, 12:29
11 Қараша 2026, 12:29
102
Фото: kazfootball.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жариялады. Ол бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген.

ҚМА мәліметінше, іздеуде жүрген Лория Григорий Отарович 1954 жылғы 18 наурызда туған, Қазақстан Республикасының азаматы.

Тергеу деректеріне сәйкес, ол бас бухгалтермен және басқа да тұлғалармен алдын ала сөз байласып, жалпы сомасы 414 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған деген күдік бар. Атап айтқанда, жалған қаржылық құжаттар пайдаланылып, қаражаттың жеке шоттарға негізсіз аударылуы ұйымдастырылған.

Сонымен қатар күдікті бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтер енгізуді қамтамасыз еткен деген болжам бар. Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы төлеу қоры және ұйымның жылдық жиынтық табысы төмендетіліп көрсетілген, - деп хабарлады ҚМА.

ҚМА дерегінше, 2023 жылы «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінген.

Қаржылық мониторинг агенттігі іздеуде жүрген азаматтың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білетін адамдардан хабарласуды сұрайды.

Ақпаратты +7 (7172) 70-84-78 нөмірі арқылы ҚМА-ның кезекші бөліміне хабарлауға болады.

Еске сала кетейік, Қызылорда облысында криптовалютаны заңсыз айырбастап, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырған адамдарға  сот үкімі шықты. Олар Binance платформасының P2P қызметін пайдаланып, 1 млрд теңгеден астам сомаға цифрлық активтерді заңсыз сатқан. Қылмыстық әрекеттен түскен табыс 178 млн теңгеге жеткен.

Сондай-ақ, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі 1985 жылы 8 ақпан күні туған Ресей Федерациясының азаматы Дмитрий Пунин мен 1989 жылы 11 ақпан күні туған Украина азаматшасы Марина Ильинаға іздеу жарияланғаны хабарланды.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда 191 млрд теңге интернет-казиноға аударылған: Қылмыстық іс сотқа жолданды 

«Ақшаңызды екі еселеп беремін»: Астанада жалған инвестиция ұсынған әйел ұсталды 

Наверх