Қызметте жүріп, ауырып қайтыс болған полицейлердің отбасына өтемақы төлеу ұсынылды

9 Ақпан 2022, 16:07
1517
Бөлісу:
Қызметте жүріп, ауырып қайтыс болған полицейлердің отбасына өтемақы төлеу ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев құқық қорғау қызметін жетілдіру бойынша заң жобасын таныстырды.

Оның сөзінше, заң шеңберінде қызметкерлерді бағалауға, оларды көтермелеуге, тәртіптік жауапқа тартуға арналған түзетулер ұсынылады. Заңнамалық өзгерістердің бір блогын қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері құрайды. 20 жыл стажы бар немесе 10 жыл стажы бар және мүгедек баласы бар қызметкерлер мемлекеттік қордан алған үйді ақысыз жекешелендіруге мүмкіндік береді, - деп айтты Бас прокурордың орынбасары.

Айтуынша, қызметте жүріп, ауырып қайтыс болғандардың отбасына өтемақы төлеу ұсынылып отыр. 

Қайтыс болған қызметкердің отбасын тұрып жатқан үйінен шығаруға тыйым салынатын норма бар. Ішкі істер органдарында бұрын қызмет еткен бірқатар қызметкердің еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы алу құқығы қалпына келтіріледі, - деп түсіндірді Шындалиев Мәжілісте.

Оның мәліметінше, заң жобасында барлық қаражат талап ететін нормалар бойынша республикалық бюджет комиссиясының оң қорытындысы бар. Әрине бюджет шығындарын қажет ететін көптеген мәселе бар. Бірақ олар әзірге оң шешім таппады.

Бұл заң жобасын Мәжіліс былтырғы жылдың аяғында жұмысқа алған.

Өзгелердің жаңалығы