Қызғалдақ жұлғандар 11 млн теңге айыппұл төлейді

16 Сәуір 2024, 11:05
338
Бөлісу:
Қызғалдақ жұлғандар 11 млн теңге айыппұл төлейді
VIDEO
Фото: Артём Чурсинов - архив

Елімізде қызғалдақтардың 10-нан аса түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Оны жұлғандар айыппұл төлеп, тіпті 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда қызғалдақтың қандай түрлері өседі?

Қызғалдақтар Қазақстан аумағында осыдан 11 миллионнан астам жыл бұрын пайда болған. Әлемде қызғалдақтың 3 мыңға жуық түрі бар болса, елімізде 35 түрі өседі. Оның тең жартысы – сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар гүлдер. Соның қатарында 18 түрлі қызғалдақ Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Олар:

- Биберштейн қызғалдағы;

- Альберт қызғалдағы;

- Борщов қызғалдағы;

- Грейг қызғалдағы;

- Зинайда қызғалдағы;

- Кауфман қызғалдағы;

- Колпаковский қызғалдағы;

- Қысқа аталық қызғалдағы;

- Леман қызғалдағы;

- Дарагүлдер қызғалдағы;

- Островский қызғалдағы;

- Кеш қызғалдақ;

- Жатаған қызғалдақ;

- Алакүлте қызғалдағы;

- Регель қызғалдағы;

- Күмәнді қызғалдақ;

- Шымған қызғалдағы;

- Шренк қызғалдағы.

Қызғалдақты неге жұлуға болмайды?

Елімізде өсімдіктерді жұлғандар заң аясында жазаланады. Бұл қылмыс болып есептеліп, Қылмыстық кодекстің 339-бабымен, яғни Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу бабымен реттеледі.

Қандай айыппұл салынады?

Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктерді жойғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Өсімдіктерді жұлған адам мынадай жаза арқалайды:

- 11 млн теңгеден астам (3 мың АЕК-ке дейін) айыппұл;

- түзеу жұмыстары;

- 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар;

- 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не мүлкін тәркілеп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру.

Еске сала кетейік, 1 АЕК 3 692 теңгеге тең.

22 жастағы студент 11 млн теңге айыппұл төлейді

Полиция әлеуметтік желілерді бақылау барысында пайдаланушылардың бірінің парақшасынан жас қыздың қызыл кітапқа енген және заңмен қорғалатын гүлдерді жұлып алғаны туралы бейнежазбаны тапты.

Тексеру кезінде жойылып кету қаупі төнген "Грейг" қызғалдақтарын Ордабасы ауданының 22 жастағы тұрғыны жұлғаны анықталды.

Ол Ұялыжар ауылдық округіндегі алқапта Қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлып, бейнежазба түсіріп, өз парақшасына жариялаған.

Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдік түрлерімен заңсыз айналысу фактісі полиция бөлімінде тіркелді. Барлық жағдай анықталып отыр.

Түркістан облысының полициясы "Грейг" қызғалдақтарын тамашалауға келген тұрғындар мен қонақтарға Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлғаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.

Өзгелердің жаңалығы