Қыздар университетіне "Ұлттық" статусы берілді

31 Желтоқсан 2018, 14:46
3791
Бөлісу:
Қыздар университетіне "Ұлттық" статусы берілді
Фото: Университеттің баспасөз қызметі

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне «Ұлттық» ерекше мәртебесі берілді.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – еліміздің оқу орындары арасында өзіндік дара орны бар білім ордаларының бірі. Ол – республикада тек қыздардан педагог кадрлар даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны. Университет 75 жылға жуық уақыт аралығында өзінің қалыптасуы мен дамуы жолынан өтті. Ұлт зиялылары қызмет атқарған ұлағат ұясында осы уақыт аралығында 60 мыңнан астам білікті маман даярланып, армандарын асқақтатып, қияға қанат қақты. Айтулы ғалымдарымыз түрлі ғылым салаларына қатысты іргелі зерттеу еңбектерін осы университет қабырғасында жазып, ел игілігіне айналдырды. 
Еліміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқан оқу орны бүгінде Қазақстанның жоғары білікті педагог кадрлар даярлайтын негізгі орталығының біріне айналып отыр. Қазақстандағы білікті мамандар мен талантты ғалымдардың, дарынды ұстаздардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шығып, Отанымыздың дамуы жолында жемісті еңбек етіп жатыр. 
Бүгінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті бакалавриат бойынша – 42, магистратура бойынша – 23, PhD докторантура бойынша 4 мамандық даярлайды. Оқу орнындағы 6 факультеттің 27 кафедрасы педагог кадрларды әзірлеуді жүзеге асыруда. Ал сырттай оқу бөлімінде 20 мамандық бойынша қашықтықтан оқыту технологиясы қолданысқа енгізілген. Болашақ педагог мамандарға 41 ғылым докторы, 193 ғылым кандидаты, 22 PhD докторы, 202 ғылым магистрі білім береді. 
 

Өзгелердің жаңалығы