Қытайда денге безгегі жаппай таралуы мүмкін

24 Маусым 2024, 10:22
2132
Бөлісу:
Қытайда денге безгегі жаппай таралуы мүмкін
Фото: BAQ.KZ -архив

Әсіресе жағалауда орналасқан Гуандун, Гуанси, Юньнань, Хайнань сияқты туристік аймақтар аса қауіпті болып тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.

Себебі елде жауын-шашын жиілеп, ылғалды ауа райынан маса көбейіп кеткен. Денсаулық сақтау жөніндегі Ұлттық комиссия дабыл қағып, індеттен сақтану шараларын күшейтіп жатыр. 

Қытайда денге безгегі эпидемиясы тарайтын маусым басталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау жөніндегі Ұлттық комиссия жариялады. Биыл ел билігі безгекке қарсы күрес шараларына жылдағыдан ерте кірісті. Оған жаңбырлы маусымнан кейін масаның ерекше жылдамдықпен көбеюі себеп болған. 

Денге безгегі Латын Америкасы мен Оңтүстік Азияда ерекше жылдамдықпен таралып жатыр. Бұл бізге берілген белгі. Биыл алдын алу шараларын жылдағыдан ерте бастауымыздың себебі сол. Жүргізілген кешенді талдауға сәйкес климаттың өзгеруінен маса солтүстік аймақтарға дейін ұшып жетуі мүмкін. Сондықтан ауқымын да бірнеше есе кеңейтіп отырмыз, - деді зиянкестерге қарсы күрес жөніндегі қауымдастық жетекшісі Лян Сяофэн.

Денге әлемнің 100 мемлекетінде таралған қауіпті дерт. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, қауіпті індеттің таралуы 2023 жылы рекордтық көрсеткішке жетті. 6,5 миллион жұқтыру дерегі тіркеліп, 7 300-ден астам адам көз жұмған. Басым бөлігі Азия елдерінде болған. 

Қазір масаның көбейетін кезеңі. Сәйкесінше жұқтыру дерегі де артады. Су бар жерде маса бар. Зиянкестер ылғалды жерге жұмыртқалайды. Бірінші кезекте сондай орындарды жиі-жиі дезинфекциялаймыз. Тұрғындар аулаларын ұзақ уақыт тұрып қалған судан тазартып отыруы тиіс. Ең қауіпті кезең әлі алда, - деді Ленг Пэйен.

Қытайда денге жаз бен күз айларында көп таралады. Ал елдің оңтүстігіндегі Гуандун, Гуанси, Юньнань, Хайнань сияқты туристік аймақтарда эпидемия маусымы 7 айға дейін созылады. Ел билігі қанша адам дертке шалдыққаны туралы ақпарат таратпай отыр. Бұл туризм саласына кері әсер етуі ықтимал.

Өзгелердің жаңалығы