Қытайда бес университет қазақ тілін оқытады

Қытай елшісінің сөзінше, елшілікте дипломаттар да қазақша үйреніп жүр.

Бүгiн 2026, 16:51
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова Бүгiн 2026, 16:51
Бүгiн 2026, 16:51
164
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Қазақстандағы Қытай елшісі Хань Чуньлинь екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың күшейіп келе жатқанын айтып, Қытайда қазақ тілін меңгеріп жатқан жастар санының өсіп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл үдеріс Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара түсіністікті нығайтуда маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь қазақстандық жастардың қытай тіліне деген қызығушылығының артып келе жатқанын жоғары бағалап, бұл үрдіс екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстанда алғаш рет ұлттық деңгейде ұйымдастырылған қытай иероглифтерін жазу байқауы – жастардың тілге деген ынтасын арттыратын маңызды бастама.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Бұл іс-шараның маңызы өте зор. Әсіресе, жастардың қытай тіліне деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Осындай жобалар арқылы адамдар қытай тілінің маңыздылығын және Қытай мәдениетінің тереңдігін жақсырақ түсіне бастайды, – деді елші.

Елші Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың тек саясат пен экономикамен шектелмейтінін, гуманитарлық байланыстардың стратегиялық мәнге ие екенін айтты.

Қытай мен Қазақстан – жан-жақты стратегиялық серіктестер. Халықтар арасындағы жақындық – мемлекетаралық қатынастардың негізі. Ал мұндай жақындастыққа жетудің ең тиімді жолы – тіл арқылы өзара түсіністікті арттыру, – деді Хань Чуньлинь.

Ол қытай жазуының үш мың жылдан астам тарихы бар екенін, ал Қытай өркениетінің бес мың жыл бойы үзілмей сақталуына осы бірыңғай иероглифтік жүйе негіз болғанын атап өтті.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Сонымен қатар елші Қазақстанның да Қытайда өз мәдениетін белсенді таныстырып жатқанын мысалға келтірді. Оның айтуынша, Наурыз мейрамы кезінде Қытайдағы Қазақстан елшілігі мен мәдени орталық ұйымдастырған іс-шараларға көптеген қытайлық азаматтар қатысып, қазақ халқымен бірге мерекені атап өткен.

Біз – таулары мен өзендері жалғасқан достас көршілерміз. Сондықтан мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту – ортақ міндет, – деді ол.

Елші Қытайда қазақ тілін оқыту жүйесі біртіндеп кеңейіп келе жатқанын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, қытайлық 5 университет қазақ тілін оқытады.

Қазір Қытайда қазақ тілін оқытатын жоғары оқу орындарының саны артып келеді. Бірқатар университетте қазақ тілі мамандығы бар, студенттер бұл тілді жүйелі түрде меңгеруде, – деді елші.

Сондай-ақ ол Қытайдың Қазақстандағы дипломаттары да қазақ тілін үйреніп жатқанын айтты.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Біздің елшіліктегі дипломаттар да қазақ тілінде үйреніп жүр. Бұл – жергілікті халықпен жақынырақ қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді, – деді Хань Чуньлинь.

Оның сөзінше, бүгінде Қазақстанда білім алуға келетін қытайлық студенттердің саны да өсіп келеді. Бұл – екі ел арасындағы білім және мәдени алмасудың нақты көрінісі.

Қазақстан жастары қытай тілін үйреніп жатыр, ал Қытай жастары қазақ тілін меңгеруде. Осындай өзара үдеріс халықтар арасындағы түсіністікті арттырып, екіжақты қарым-қатынастың нығаюына үлкен үлес қосады, – деп айтты елші.

Айта кетейік, Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Елшілігі мен Бейжің тілдер және мәдениет университетінің Қазақстан филиалы бірлесіп «Халықаралық қытай тілі күні – 2026» мәдени іс-шарасын өткізді.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Астана халықаралық университеті ректоры Анар Мырзағалиева іс-шараның екі ел арасындағы мәдени және білім беру байланысын нығайтудағы маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, мұндай бастамалар жастарды қолдауға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Бүгінгі Қытай тілі мен каллиграфия мерекесі – Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың, өзара құрметтің және талантты жастарды қолдаудың айқын көрінісі. Мұндай шаралар білім беру саласындағы серіктестіктің жоғары деңгейде екенін көрсетеді, – деді ректор.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда қытай тіліне қызығушылықтың артып келе жатқанын жеткізді.

Қытай тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдерінің бірі. Оны меңгеру жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүгінде университетімізде 450-ден астам студент қытай тілін оқып жатыр және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді, – деді Анар Мырзағалиева.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Ректордың сөзінше, мұндай мәдени іс-шаралар студенттердің тіл үйренуге деген ынтасын арттырып қана қоймай, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға да ықпал етеді.

Іс-шара аясында қазақстандық жастар арасында өткен «Жібек жолы және каллиграфия» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Наверх