Қазақстандықтардың шетелде, ал шетел азаматтарының елімізде QR арқылы төлем жасауына мүмкіндік беретін жүйе әзірленіп жатыр. Алайда оның қашан іске қосылатынын айтуға әлі ерте. Бұл туралы Ұлттық банктің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист қазақстандықтардың Қытай мен Үндістанда QR арқылы төлем жасау мүмкіндігі, осы елдердің банктерінен Қазақстанға тікелей ақша аудару тәртібі мен ықтимал шектеулер туралы сұрады.
Ашықбековтің айтуынша, биыл елде мобильді төлемдердің банкаралық жүйесі іске қосылған. Оған Қазақстандағы барлық банк қосылды. Жүйе ұялы телефон нөмірі және QR арқылы банктер арасында аударымдар мен төлемдер жасауға мүмкіндік береді.
Ендігі мақсат – бұл жүйенің тиімділігін одан әрі арттыру. Онда жаңа қосымша сервистерді іске қосамыз. Бұл бағытта банктермен етене жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.
Жоспарда QR мен мобильді төлемдерден бөлек, заңды тұлғаларға арналған қызметтерді кеңейту және электронды коммерция саласындағы төлемдерді жеделдету де бар.
Ал халықаралық төлемдерді дамыту үшін Қазақстанның банкаралық жүйесін өзге мемлекеттердің осындай жүйелерімен байланыстыру қарастырылып жатыр. Бұл қазақстандықтарға шетелде, ал шетелдіктерге Қазақстанда QR арқылы төлем жасауға жол ашуы тиіс.
Бүгінде бұл іс бойынша техникалық және бизнес-модель бойынша жұмыс істелуде. Бұл бір күнде істелетін шаруа емес. Шетелдік әріптестерімізбен бірлесе отырып, бұл жүйені іске қосудың тұжырымдамалары әзірленіп, жобалары жасалуда, – деді Ашықбеков.
Оның түсіндіруінше, әр елдің төлем жүйесінің техникалық талаптары мен ерекшеліктері бар. Сондықтан жүйенің нақты қалай жұмыс істейтіні әзірге толық айқындалмаған.
Негізгі механизм – біздің банкаралық жүйені басқа мемлекеттегі сондай банкаралық жүйемен интеграциялау мәселесі. Бұл нені көздейді? Бұл барлық банктердің клиенттеріне жол ашады. Жақын уақытта енгіземіз деп айту ертерек, дегенмен жұмыс жоспарда бар, – деді Ұлттық банк өкілі.
Осылайша, Қытай мен Үндістанда QR арқылы төлем жасау қызметінің іске қосылғаны бұл жауапта расталған жоқ. Сондай-ақ аталған елдердің банктерінен Қазақстанға тікелей ақша аудару тәртібі, аударым лимиттері мен комиссия мөлшері нақтыланбады.
Бұған дейін Қазақстандықтар шетелде өз банкінің қосымшасы арқылы QR-кодпен төлем жасай алатынын хабарлаған болатынбыз. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жаленов Central Asia Fintech Summit 2026 форумында айтты.