Қытай Еуропарламент депутаттарына салынған санкцияларды алып тастады

1 Мамыр 2025, 01:27
489
Бөлісу:
Қытай Еуропарламент депутаттарына салынған санкцияларды алып тастады
Фото: AP Photo / Olivier Matthys

 Қытай билігі Еуропарламент депутаттарына, олардың отбасыларына және кейбір парламенттік құрылымдарға салынған санкцияларды алып тастау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім Қытай мен Еуропалық Одақ арасындағы парламенттік диалогты қайта жандандыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еуропарламент төрағасы Роберта Метсола бұл жаңалықты саяси топ басшыларына ресми түрде хабарлады. Мәлімдемеде санкциялардың жойылуы Қытаймен диалогты қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам екені атап өтілді. Алайда бұл екіжақты қатынастардағы барлық мәселелер шешілді дегенді білдірмейді.

Еуропарламент өз тарапынан адам құқықтары мен демократиялық құндылықтарды қорғау ұстанымынан айнымайтынын жеткізді. Бұл құжатта:

Парламент жаһандық серіктестермен ашық өзара іс-қимылға ұмтыла отырып, адам құқықтарының және әлемдегі іргелі құндылықтардың берік қорғаушысы болып қала береді, – делінген.

Айта кетейік, 2021 жылы Еуроодақ Қытайдың төрт азаматы мен бір ұйымына санкция енгізген. Оларды Шыңжаңдағы ұйғыр мұсылман азшылығын қудалады деп айыптаған. Қытай бұған жауап ретінде Еуропарламенттің 10 мүшесі мен төрт ұйымға қарсы санкция салған болатын. Ал 2024 жылы тараптар келіссөздердің соңғы кезеңіне жетіп, нәтижесінде Қытай санкцияларды алып тастауға келісті.

Бұл шешім тараптар арасындағы сенімді қалпына келтірудің бір қадамы ретінде бағаланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы