Қысқы спорт түріне қазақтардың физиологиясы келмей ме?

8 Тамыз 2023, 15:17
1489
Бөлісу:
Қысқы спорт түріне қазақтардың физиологиясы келмей ме?
Фото: BAQ.KZ

Ol-jas подкастында қонақта болған спорт журналисі Аслан Қаженов Токио Олимпиадасындағы сәтсіздік алда өтетін "Париж 2024"-те де қайталануы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Токио Олимпиадасынан сабақ алдық па?

 - Токио олимпиадасы өтті. Масқара болдық. Олимпиада басталмай тұрып, екі ай бұрын спортшылардың дайындығы туралы мәселе көтердім. Бюджеті қалай болып жатыр? Медицина, ғылым қалай? Анализ, жоспар және болжам қандай? Бәрі жасырын, айтылмады. Төрт жыл өтті. Қазір де сол жағдайдамыз. Демек, Париж олимпиадасында тағы масқара боламыз. Оны мойындау керек. Қыруар іс бітіреміз деп жалған сөйлеудің қажеті жоқ. Себебі осы жылдар аралығында жүйелі өзгерістер бола қоймады. Өте көп шенеунік ауысты. Бірі бастаған істі екіншісі жоққа шығарып, үшіншісі алдыңғы екеуінің қателігін қайталап жатыр дегендей. Нақты жүйе жоқ. Мемлекет негізгі деген спорт түрлеріне ақшаны бөліп-ақ жатыр. Бірақ құраманың жағдайы соншалықты керемет деуге ауыз бармайды. Олимпиадада боксшылар мен дзюдошылар медаль алуы мүмкін.

- Қазақ балаларын қысқы спорт түрінен шеттететіні рас па? Әлеуметтік желіңізде осыған байланысты бірнеше тақырып қозғап едіңіз.

 - Осы тақырыпта сөйлесем «ұлтшылсың» деп айыптайтындар көп. Шеттету бар. Бұл мәселені әріптесім де көтеріп жүр. Баласы хоккейге қатысады. Тіпті қазақ балаларынан құралған хоккей клубын өзіміз құрайық, дамытайық деп шыр-пыр болып жүр. Осы тақырып Пекин Олимпиадасы кезінде де айтылды. Шорт-тректен төртінші орын алған Абзал Әжіғалиев «қысқы спорт қазақ балаларының да қолынан келеді» деп сұхбат берді. Сұхбаттың сол бөлігін қиып алып, парақшамда бөлістім. Кейін акробатика шебері шымкенттік бойжеткен де дәл осындай мәлімдеме жасаған. Неге олар Пекинде жүріп бұл тақырыпты көтерді деген сауал туындады. Спорттың осы бағытында жүрген мамандар «қазақтардың физиологиясы бұл спорт түріне келмейді, денесі кішкентай, шаңғы тебуге ірі дене керек» дейді екен. Соған іштей күйінген қаракөздеріміз спортты меңгере алатынын айтып жүреді екен. Шынында бұл ресми түрде қозғала бермейтін өте нәзік тақырып.

- Қазақ спортында жеңімпаз спортшыға ғана үміт арту әдетке айналды. Бұл үрдіс Париж олимпиадасында қайталануы мүмкін бе?

 - Қазір де дәл сондай жағдай. Қаржы бұрыннан нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларға көбірек бөлінеді. Министрлік жағынан қарасаңыз, олимпиадаға аз қалды, резерв жоқ. Олар енді не істейді? Бар спортшыға назар аударады. Бокс, дзюдо, күрес секілді медаль беретін спорт түрімен айналысатындарға көңіл бөледі. Алаңсыз дайындалуы үшін мәселесін шешіп береді. Солай жұмыс істеп жатыр. Себебі министрліктегілер одан басқа амал көріп тұрған жоқ. Спортшылар тарапынан да кінә бар. Әріптесім Жандос Айтбайұлы 80 шаңғышы қатысқан жарыста екі қазақстандық 67-68-ші болып келіп тұрғанын айтқан еді. Ашу тудыратыны екі спортшының да асықпай, әңгіме айтып келе жатқаны. Негізінен 67-68-ші болып қысқы спорты дамымаған Африка секілді елдердің азаматтары келеді. Бірақ мұны түсінбей жеңіс әкелмеуінің себебін өзінен емес, бізді дайындалу үшін жиі шетелге шығармады деп өзгеден іздейтіндер бар. Тіпті олар қоғамдық резонанс тудыратын мәлімдеме де жасайды. Шынында сол спортшылардың көбі онсыз да жыл он екі ай шетелде жүреді. Оған қыруар ақша бөлінеді. Соған қарамастан нәтиже нашар.

- Спорт журналисі ретінде кейде Олимпиадаға қатысушыларды сынаймыз. Жөнсіз сынайсыңдар деп айтатындар бар...

 - Боксшыларды сынап көп жазғандардың бірі мен. Ташкенттегі әлем чемпионатында болдым. Мақсатымыз бір. Қазақ боксының дамығанын қалаймыз. Бас бапкер Мырзағали Айтжановпен де сөйлесіп, бірнеше сұқбат жаздым. Өресі биік адамдар сынды қабылдайды ғой. Сын айтқанның бәрі жау емес. Сынның артында шындық тұрса, ол - сын. Өтірік ақпарат болса, жала жабу болады. Сынды қабылдап нәтиже шығарған дұрыс. Былғары қолғап шеберлерімен осылай келісім таптық. Әйтпесе түнде қоңырау шалып, қорқытатындар да болады. Оған етіміз үйренген. Егер сын айтудан қорықсаң, журналистиканың өлген жері сол. Біздің мақсатымыз - оларды қайрау. Шын мәнінде, біз спортшылардың жанкүйеріміз. Егер менің сөзіме намыстанып, шешуші сәтте мықты екенін дәлелдегендер болса, мен олардан сол күні кешірім сұрауға дайынмын. Ел спортшылары Олимпиададан орын алса, сол спорт түріне ерекше көңіл бөліне бастайтынын түсінуі керек. Бізде солай қалыптасқан.

 - Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рахмет!

Еске сала кетейік, Ol-jas подкастында Қазақстан құрамасы 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасына дайын ба? Министрлік тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Ұлттық құрама сапы қаншалықты өзгереді? Токио Олимпиадасынан сабақ алдық па? Қаракөздеріміз неге қысқы спортта дискриминацияға ұшырап жүр? Елдің футбол әлеміндегі өзгерістері және тағы басқа өзекті сұрақтар талқыланды.

Назерке Өтеген 

Өзгелердің жаңалығы