АҚШ Парижде Украинаға бейбітшілік жоспарын ұсынды. Президент Трамптың “соңғы ұсынысы” деп сипатталған құжатта Қырымды Ресейге заңды түрде мойындау қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Axios басылымына сілтеме жасап.
Қазіргі ахуал қалай?
Өткен аптада Парижде АҚШ ұсынған бір беттен тұратын құжатта бұл Президент Дональд Трамптың "соңғы ұсынысы" деп көрсетілген. Ақ үйдің айтуынша, егер тараптар жақын арада мәмілеге келмесе, АҚШ келіссөзден бас тартуға дайын.
Трамптың бұл жоспары Украина президенті Владимир Зеленскийден елеулі ымыраға келуді талап етеді. Зеленский бұған дейін Қырым мен шығыс Украинадағы төрт облыстың кей бөліктерін Ресейдің бақылауына беруге үзілді-кесілді қарсы болған.
Ресей президенті Владимир Путин соғыс шебін тоқтатып, келісімге келуге әзір екенін білдіргенімен, АҚШ жоспарының кейбір тармақтарын, мәселен, Еуропалық бітімгерлердің Украинада орналасуын құптамайды.
Украина жағы не дейді?
Киев бұл ұсынысты Ресейге тым жақтас деп есептейді:
Құжатта Ресей не ұтатыны нақты көрсетілген, ал Украинаның не алатыны көмескі және жалпылама айтылған", - дейді Киев.
Трамптың ұсынған жоспарында Ресей не ұтады?
- Қырымдағы бақылауды АҚШ-тың заңды түрде мойындауы.
- Луганск облысының көп бөлігі мен Донецк, Херсон, Запорожье облыстарының басып алынған бөліктеріндегі де-факто бақылауын мойындау.
- Украинаның НАТО-ға мүше болмайтынына уәде. Бірақ құжатта Украина ЕО-ға мүше бола алады делінген.
- 2014 жылдан бері енгізілген санкциялардың алынуы.
- Энергетика және өнеркәсіп салаларында АҚШ-пен кеңейтілген экономикалық әріптестік.
Украина не алады?
- Бірқатар еуропалық және одақтас елдердің қатысуымен қауіпсіздік кепілдіктері. Бірақ бұл бітімгерлік миссияның нақты қалай жұмыс істейтіні, әсіресе АҚШ-тың қатысатыны жайлы ештеңе айтылмаған.
- Ресей басып алған Харьков облысының шағын бөлігін қайтару.
- Днепр өзенімен кедергісіз жүру мүмкіндігі.
- Қалпына келтіру үшін өтемақы мен көмек. Бірақ қаражаттың қайдан алынатыны нақты көрсетілмеген.
Басқа да маңызды тармақтар
• Запорожье атом электр станциясы – Еуропадағы ең ірі АЭС – Украина аумағы ретінде қарастырылады, бірақ оны АҚШ басқарады, әрі электр энергиясы Украина мен Ресейге де беріледі.
Құжатта Трамп қол қояды деп жоспарланған АҚШ-Украина арасындағы пайдалы қазбалар туралы келісім де аталады.
Бұл жоспар Трамптың өкілі Стив Уиткоффтің өткен аптада Путинмен 4 сағаттан астам уақыт кездескенінен кейін әзірленген. Құжат ұсынылғаннан кейін Путин қазіргі шепте соғысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген. Бұл – оның бейбіт келісімге баруға дайын екенін білдіретін ең ірі қадамы. Дегенмен, еуропалық шенеуніктер бұған сақтықпен қарап отыр.
Уиткофф осы аптада Путинмен төртінші кездесу үшін Мәскеуге бармақ. Бірақ ол да, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио да сәрсенбі күні Лондонда өтетін АҚШ, Украина, Франция, Германия және Ұлыбритания өкілдерінің кездесуіне қатыспайды. Оның орнына АҚШ делегациясын Украина бойынша өкіл Кит Келлогг басқарады.
Келіссөздер жалғасып жатыр және біз дұрыс бағытта келе жатырмыз деп үміттенеміз, – деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт.