Қыркүйектен бастап 200 адам қазақ тілін жетілдіру курсына қатысады

27 Тамыз 2023, 12:35
697
Бөлісу:
Қыркүйектен бастап 200 адам қазақ тілін жетілдіру курсына қатысады

Президенттің Іс басқармасы жүйесінде кадрлардың әлеуетін көтеру үшін мемлекеттік тілді үйрету және деңгейін жетілдіру курсы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Курс жөнінде ҚР Президентінің Іс басқарушысы Айбек Дадебаев Telegram парақшасында ақпарат берді.

Бұл жоба әріптестеріміздің тарапынан қолдау тапты деуге болады. Аз уақыт ішінде 22 ведомстволық мекеменің 700 қызметкері қатысуға тілек білдіргені осыны көрсетіп отыр, – деп жазды Дадебаев.

Сонымен қатар, мәселені жан-жақты қарастыру үшін ҚазТест жүйесі арқылы олардың тілді білу деңгейі анықталып, сәйкесінше бағдарламалар таңдалатыны айтылды.

Алдағы қыркүйектен бастап алғашқы топтағы 200 адам оқуды бастауға тиіс. Қызметкерлерге ыңғайлы болуы үшін сабақ орталық орналасқан ғимаратта ғана емес, әр кәсіпорынның базасында да аптасына 3 рет өтеді, – деді Президенттің Іс басқарушысы.

Ол сондай-ақ курс мемлекеттік органдарда іс қағаздарды қазақша сапалы жүргізуге сенім білдірді.

Қазақ тілі курстарында алған білімдеріңіз бен меңгерген машықтарыңыз жұмыс барысында қарым-қатынас жасауға, қызмет аясындағы міндеттеріңізді сапалы атқаруға, кәсіби тұрғыда дамуға көмектеседі деп сенемін, – деп жазды ол.

Айта кетейік, ведомстволық қарасты мекемелердің қызметкерлеріне арналған курс Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығында өтеді. Мұнда мемлекеттік тілді базалық деңгейде біліп қана қоймай, іскерлік қазақ тілін жетілдіруге күш салынады.

Өзгелердің жаңалығы