Тоқаев әлемдегі ықпалды 500 мұсылманның қатарына енді

The Muslim 500 басылымының 2027 жылғы тізіміне Қазақстан Президенті мен әнші Димаш Құдайберген енгізілді.

 Ақорда 14 Қараша 2026, 16:51
14 Қараша 2026, 16:51
160
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның қатарына енді. Мемлекет басшысы The Muslim 500 басылымының 2027 жылғы шығарылымында «Саясат» санатында көрсетілген. Бұл тізімге қазақстандық әнші Димаш Құдайберген де енген.

Басылымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Қазақстанның екінші Президенті болып сайланғаны, Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына келгені атап өтілген. Сондай-ақ оның өмірбаяндық анықтамасында 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары мен одан кейінгі саяси өзгерістерге жеке тоқталған.

The Muslim 500 авторлары Мемлекет басшысы ұсынған «Жаңа Қазақстан» бастамасына және 2022 жылғы маусымда өткен конституциялық референдумға назар аударған. Басылым мәліметінше, дауыс беруге қатысқандардың шамамен 77 пайызы түзетулерді қолдаған.

Аталған өзгерістер Президент өкілеттігін қысқартуды, Парламенттің рөлін күшейтуді, Мемлекет басшысының туыстарына мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салуды және Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елбасы» мәртебесін алып тастауды қамтыған.

Сонымен қатар анықтамада елордаға бұрынғы атауы – Астананың қайтарылғаны жазылған. 2022 жылғы қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткені көрсетілген. Сайлаушылардың қатысу деңгейі 69 пайыз болған.

Басылымда Қазақстанның жаңа конституциялық тәртібі бойынша Президент бір рет қана жеті жылдық мерзімге сайлана алатыны да айтылған.

Димаш Құдайберген де тізімге енді

The Muslim 500 басылымының 2027 жылғы шығарылымында 32 жастағы әнші Димаш Құдайберген «Мәдениет» санатында ұсынылған.

Ол әлемге танылған қазақстандық әнші, композитор және бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын өнерпаз ретінде сипатталған. Әсіресе әншінің алты октаваға жететін дауыс диапазонына назар аударылған.

Сондай-ақ басылымда Димаштың Шығыс Азия елдеріндегі танымалдығы, Қытай, Ресей және Қазақстандағы музыкалық марапаттары, YouTube арнасындағы бейнежазбаларының қаралымы жарты миллиардтан асқаны жазылған.

Өнер иесінің туған жері Ақтөбеде оған арналған музей ашылғаны да аталып өткен. Бұдан бөлек, Димаштың БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымының ізгі ниет елшісі ретіндегі қызметі мен гуманитарлық жобаларға қатысуы көрсетілген.

Басылым әншінің соңғы шығармашылық жобалары қатарында DiMENSIONS әлемдік турын, Voice Beyond Horizon халықаралық телевизиялық жобасын және Yazgı бірлескен композициясын атаған.

The Muslim 500 қандай басылым?

The Muslim 500 – 2009 жылдан бері жыл сайын жарық көретін әлемдегі ықпалды мұсылмандар туралы анықтамалық-талдамалық басылым. Оны Иорданияның Амман қаласында орналасқан Корольдік ислам стратегиялық зерттеулер орталығы (RISSC) дайындайды.

Кітапқа саясат, дін, ғылым, білім, бизнес, мәдениет, спорт және басқа да салаларда қызмет ететін 500 мұсылманның өмірбаяны мен жетістіктері енгізіледі.

Басылым құрылымы бойынша алғашқы 50 адам ықпал деңгейіне қарай жеке ретпен ұсынылады. Ал қалған 450 қатысушы 13 тақырыптық санатқа бөлінген.

2027 жылғы шығарылымда алғашқы орынды бес тұлға бөліскен. Олар – Сауд Арабиясының королі Салман, тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман, Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф, фельдмаршал Асим Мунир және Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған.

Наверх