Қырғызстанда Кемел Тоқаевтың музейі ашылуы мүмкін

2 Қазан 2023, 16:49
1445
Бөлісу:
Қырғызстанда Кемел Тоқаевтың музейі ашылуы мүмкін
Фото: Бауыржан Ғұбайдуллин

Алматыда қабырғалы қаламгер, танымал жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына орай "Қазақ детектив жанрының дарабозы" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін, 2 қазан - Кемел Тоқаевтың туған күні. Конференцияның ашылу салтанатында Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, Президенттің құттықтауын оқып, шараның ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар алыс-жақын шет елдерден келген зиялы қауымға алғысын айтты. 

Келелі жиында қырғыз және өзбек қаламгерлері туысқан халықтар арасында әдеби байланыстарды жандандыру жөнінде ұсыныстар айтты. Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы өз елінде Кемел Тоқаевтың музейін ашуды ұсынды.

Қырғызстанда Кемел Тоқаевтың музейі ашылуы мүмкін

Қырғыз жерінде Кемел Тоқаевтың музейін ашуды ұсынамын. Осылайша отызыншы жылдардағы қазақ пен қырғыздың басынан өткен қиын тағдырды сол музей аясында көпшілікке таныстыруға болар еді. Мұражайдың жас ұрпаққа берер тәрбиесі мол. Детектив жанрына қызығатын жастардың да қатары артар еді, – деді Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Қалыбеков.

Конференция аясында «Қазақ детектив жанрының негізін қалаушы», «Отан үшін от кешу», «Журналист – қоғамның айнасы, құлағы һәм тілі» атты тақырыптық секциялар ұйымдастырылды.

«Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллиннің сөзінше, шара барысында әдебиетті өркендету, ғылымды тереңдетуге қатысты ұсыныстар айтылды.

Бүгін – көркем ойдың көсемі Кемел Тоқаевтың туған күні. Детектив жанры дарабозының 100 жылдығы аталып өтіп жатыр. Сұрапыл соғыстың шындығын шырқын бұзбай, шытырман оқиғаларды шұрайлы тілмен шымыр кестелеген шебер жазушы тыңнан түрен салып, соныдан соқпақ қалдырды. Бүгін Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден келген жазушылар өздерінің әдеби байланыстарды жандандыру жолдарымен ой бөлісті. Жазушы Дулат Исабеков, ғалымдар Жансейіт Түймебаев, Құлбек Ергөбек, Қансейіт Абдезұлы, Ахметжан Ашири, Әміре Әрін жазушы Кемел Тоқаевтың шығармашылығын талдап, әсерлі естеліктерімен бөлісті. Әдебиетті өркендету, ғылымды тереңдету, аударма аясын кеңейту туралы шешімін табатын келелі ұсыныстарын айтты, – дейді ол .

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Оңтүстік шаһарда өткен конференцияға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінің шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Өзгелердің жаңалығы