Қырғызстан билігі елдегі жанар-жағармай нарығындағы тұрақтылықты сақтау үшін Қазақстан мен тағы бес мемлекеттен бензин және басқа да мұнай өнімдерін тұрақты жеткізуге қолдау көрсетуді сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ Қырғызстанның Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта елде жанар-жағармай қоры жеткілікті, ал жеткізілімдер бұрын жасалған келісімшарттарға сәйкес үздіксіз жүргізіліп жатыр. Министрлік ішкі нарықтағы жағдайды күн сайын бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.
Ресейге тәуелділік сақталып отыр
Ведомство мәліметінше, Қырғызстан жанар-жағармайдың негізгі бөлігін импорттайды. Сондықтан әлемдік энергетика нарығындағы өзгерістер, Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс, халықаралық логистикадағы қиындықтар мен мұнай бағасының қымбаттауы елдің ішкі нарығына тікелей әсер етеді.
Осыған байланысты Қырғызстан үкіметі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі нарықты үздіксіз жанармаймен қамту үшін бірқатар шара қабылдап жатыр.
Қазақстанға ресми өтініш жолданды
Тұрақты жанармай жеткізілімін сақтау мақсатында Қырғызстан Ресей, Қазақстан, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан және Түрікменстанның құзырлы мемлекеттік органдарына ресми өтініш жолдады.
Сонымен қатар жанармай жеткізу бағыттарын әртараптандыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Баға тұрақты бақылауда
Қырғызстанның Энергетика министрлігі елдегі жанармай бағасына да тұрақты мониторинг жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Монополияға қарсы реттеу қызметі мұнай трейдерлерімен тұрақты кездесулер өткізіп, жеткізілім, логистика, баға қалыптастыру және қор жинау мәселелерін талқылап келеді.
Министрлік елді жеткілікті көлемдегі жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып жатқанын, ал жағдай мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
Оқи отырыңыз:
Reuters: Ресей алғаш рет Үндістаннан теңіз арқылы бензин жеткізе бастады
Энергетика министрлігі Ресейге жанармай жеткізу мәселесіне түсініктеме берді