Құтырудан екі адам көз жұмды: Санитар дәрігер астаналықтарға ескерту жасады

Мамандар аурудың ит пен мысықтан ғана емес, жабайы жануарлар мен жарқанаттан да жұғуы мүмкін екенін айтты.

 istockphoto.com 12 Қараша 2026, 16:33
12 Қараша 2026, 16:33
122
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда құтыру ауруына қатысты эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. 2026 жылдың алғашқы он айында Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында жануарлардан зардап шеккен екі адам осы аурудан көз жұмған. Мамандардың айтуынша, құтыру тек ит пен мысық тістегенде ғана емес, жабайы жануарлармен, тіпті жарқанатпен байланыс кезінде де жұғуы мүмкін. Астана қаласының бас санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева тұрғындарға сақ болуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құтыру – адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы ауру. Оның ең үлкен қаупі – клиникалық белгілері пайда болғаннан кейін аурудың әрдайым өліммен аяқталуында. Сондықтан жануар тістеген немесе сілекейі зақымдалған теріге, шырышты қабатқа тиген жағдайда уақыт жоғалтпай дәрігерге қаралу қажет.

Астана қаласының бас санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, құтыру жануар тістегенде ғана жұқпайды. Ауру жануардың сілекейі зақымдалған теріге немесе шырышты қабатқа түскенде, сондай-ақ жануар сілекейлеген заттармен жанасқанда да инфекция жұғуы мүмкін. Адам үшін инфекция көзі жабайы және үй жануарлары, соның ішінде түлкі, қасқыр, ит, мысық, сондай-ақ кеміргіштер мен жарқанаттар болуы ықтимал.

Сондықтан сырт көзге сау көрінген жануармен байланысқа түскеннің өзінде бейжай қарауға болмайды. Тістеу, тырнау, сызат түсу немесе сілекей тию жағдайларының бәрінде дереу медициналық мекемеге жүгіну керек.

Құтыруға қарсы екпені қашан салдыру қажет?

Маманның түсіндіруінше, дәрігер медициналық көмекке жүгінген адамның жарақат алу жағдайы мен тістеу санатын анықтап, құтыруға қарсы екпе тағайындайды. Вакцинация курсы бес инъекциядан тұрады. Бірінші екпе медициналық көмекке жүгінген күні, кейінгі екпелер үшінші, жетінші, он төртінші және жиырма сегізінші күндері салынады.

Егер адамды иесі бар, белгілі жануар тістесе, оған ветеринариялық бақылау жүргізіледі. Жануар он күндік бақылаудан кейін сау деп танылса, бұл туралы ветеринариялық қорытынды құтыруға қарсы екпе алып жатқан емханаға тапсырылуы керек. Осыдан кейін иммундаудың қалған курсы тоқтатылуы мүмкін.

Ал жануар белгісіз болса, жоғалып кетсе, қашып кетсе немесе оған қатысты ветеринариялық анықтама болмаса, дәрігер вакцинацияның толық курсын тағайындайды.

Адамды өлімнен құтқарудың бірден-бір жолы – құтыруға қарсы вакцинация курсын уақытында әрі толық қабылдау. Екпені үзіп алу адамның құтырудан қорғалуына кепілдік бермейді. Айта кетейін, адамдарға құтыруға қарсы вакцинация тегін жүргізіледі, – деп ескертті Айгүл Шағалтаева.

Биыл екі адам құтырудан қайтыс болды

Бас санитарлық дәрігердің мәліметінше, республикада құтыруға қатысты эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдай күрделі күйінде сақталып отыр. 2026 жылы да аурудан адам өлімі тіркелген. Атап айтқанда, жылдың алғашқы он айында Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында жануарлардан зардап шеккен екі адам көз жұмған.

Бұл ретте жарқанатпен байланысты жағдай ерекше назар аудартады. Мамандар құтыруды тек ит пен мысықтың тістеуі арқылы жұғатын ауру деп қабылдамау керегін ескертеді. Жабайы жануарлармен, соның ішінде жарқанаттармен байланыс та адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Тіркелген өлім жағдайларының барлығында зардап шеккен адамдар жануарлармен байланыстан кейін медициналық көмекке уақытында жүгінбеген. Оларға құтыруға қарсы көмек көрсетілмеген. Соның салдарынан ауру адам өліміне әкелді, – деді Айгүл Шағалтаева.

Сонымен қатар Қазақстанда ауыл шаруашылығы, жабайы және үй жануарлары арасында да құтыру ауруы тіркеліп жатыр. Бұл жағдай Астананы да айналып өткен жоқ. Қалада құтыру жұқтырған жабайы жануармен байланыс болған. Атап айтқанда, құтыруы расталған борсықпен жанасқан адамдар биыл мамыр айында құтыруға қарсы емдік-профилактикалық иммундаудан өткен.

Сондықтан маман тұрғындарды жануарлармен қарым-қатынаста сақ болуға және кез келген күмәнді жағдайдан кейін медициналық көмекке дереу жүгінуге шақырады.

Құтыру ауруынан қорғану – жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік, – деп түйіндеді Астана қаласының бас санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева.

Наверх