“Құрық-Жетібай” тасжолын жөндеуде отандық материалдар қолданылуда

25 Сәуір 2023, 20:05
1115
Бөлісу:
“Құрық-Жетібай” тасжолын жөндеуде отандық материалдар қолданылуда
Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК баспасөз қызметі

Республикалық маңызы бар “Құрық-Жетібай” тасжолын күрделі жөндеу аясында отандық материалдар қолданылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ "ҚазАвтоЖол" ҰК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстау өңірінде Құрық ауылынан Жетібай ауылына дейінгі аралықтағы республикалық маңызы бар жол күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 

Жергілікті мердігер ұйым жалпы ұзындығы 64 шақырымды құрайтын екі учаскені жөндеуде: біріншісі — 40-шақырымға дейін, екіншісі — 40-шақырымнан 64-шақырымға дейін. Күн райының қолайлы болуына байланысты өңірдегі жол құрылысы маусымы наурыздың басында басталып кетті. 

Күрделі жөндеу жұмыстарына отандық құрылыс материалдары қолданылады. Мәселен, олардың қатарына құм, қиыршық тас, асфальтбетон және битум жатады. Күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жолшы мамандар үш мал айдау өткелін салып, он екі су өткізгіш құбырын орнатты. Құрылысқа 180 маман мен 110 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Биыл екінші учаскесін пайдалануға беру көзделген. Күрделі жөндеу жұмыстары жолдың өткізу қабілетін арттырып, қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Айбек Әнуарбеков. 

Биыл нысанда теміржол арқылы өтетін жол өтпесі мен арнайы базаның құрылысы басталды. Жолдың қасында орналасқан арнайы база қысқы уақытта жолды уақтылы әрі сапалы күтіп-ұстауға мүмкіндік берсе, теміржол арқылы өтетін жол өтпесі қауіпсіздікті арттыруға септігін тигізбек.

Өзгелердің жаңалығы