Құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау үшін инвесторлар жұмылдырылды – Көлгінов

15 Наурыз 2022, 20:17
1763
Бөлісу:
Құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау үшін инвесторлар жұмылдырылды – Көлгінов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордалық 16 мың үлескердің 13 мыңының мәселесі шешілгенін мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елордада 16 мың үлескер отбасының 13 мыңының проблемасы шешілді. Құрылысы ұзаққа созылған өзге нысандар бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Жергілікті орындарды аралау барысында мынадай проблемалы тұрғын үй кешендерінің (ТК) үлескерлерімен кездестім: «Садовые кварталы», «Комсомольский» және «Аниса» ТК. Жалпы алғанда құрылысы ұзаққа созылған үш көппәтерлі тұрғын үй кешенінде шамамен 1,5 мың үлескер отбасы бар. Үлестік құрылыстың осы нысандары бойынша қысқаша тоқталып өтейін.

«Садовые кварталы» тұрғын үй кешені – құрылысы 2013 жылы басталған. Бірақ 2014 жылы іргетасының қадалары тұрғызылған күйінде ғана қалды. Бүгінге дейін осы нысанның үлескерлерімен тек қазаншұңқырдың маңында кездескенбіз. Одан бері ауқымды жұмыс жүргізілді: техникалық тексеру өткізіліп, құрылысы жанданды, ал ең маңыздысы – инвесторлар жұмылдырылды. «Садовые кварталы» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау үшін бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Нысанның құрылысы жеке инвесторлар есебінен салынып жатыр.

«Комсомольский» тұрғын үй кешені 7 жыл бұрын проблемалы нысанға айналды. Мұнда пәтерлерді 600-ден аса үлескер отбасы алған. Қазіргі уақытта нысанда витраждарды монтаждау, терезелер орнату, лифт жабдықтарын монтаждау, инженерлік желілерді орнату және т.б. жұмыстар жүріп жатыр.

«Аниса» тұрғын үй кешені – сегіз жылдық тарихы бар нысан. Бұл нысанға да инвесторлар тарттық. Олар өз қаражаты есебінен нысанның құрылысын аяқтайды. Мәселен, 1 және 2-блоктарда қабырғаларын қалау жұмыстары, 5 және 6-блоктарда монолитті жұмыстар жүріп жатыр.

Үлестік құрылыстарды аяқтау мәселесін Мемлекет басшысы тікелей назарында ұстап отыр. 2019 жылдың жазында проблемалы 150 көппәтерлі тұрғын үй кешені болса, қазір оның 90-ны аяқталды. Қалған нысандар бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар», – деп жазды елорда әкімі.

Өзгелердің жаңалығы