Құрылыс қарқыны артқан сайын қалдық та көбейеді: Қазақстан оларды қайта өңдеуге дайын ба?

Астанада заңсыз қоқыс орындарының шамамен 95 пайызы құрылыс қалдықтарынан тұрады, ал оларды қайта өңдейтін кәсіпорындар әзірге санаулы.

5 Қараша 2026, 13:21
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 5 Қараша 2026, 13:21
5 Қараша 2026, 13:21
113
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда құрылыс саласы кеңейіп, жаңа тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарының саны артып келеді. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында 2027 жылды Халықтық құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Алайда құрылыс қарқынының өсуі тағы бір мәселені күн тәртібіне шығарады. Ол – құрылыс қалдықтарын жинау, тасымалдау және қайта өңдеу. Қазір елімізде мұндай қалдықтарды өңдейтін кәсіпорындар жеткіліксіз, ал олардың қозғалысын бақылайтын бірыңғай цифрлық жүйе әлі қалыптаспаған. Құрылыс қалдықтарының қанша бөлігі қайта өңделеді, олардан қандай материал өндіруге болады және Қазақстанда бұл бағыттағы бизнес неге баяу дамып жатыр? BAQ.KZ тілшісі мәселені зерттеп көрді.

Құрылыс қалдықтары заңсыз қоқыс орындарының негізгі бөлігіне айналған

Қалдықтарды басқару саласының сарапшысы Данияр Байғараевтың айтуынша, құрылыс қалдықтары – Қазақстандағы рұқсат етілмеген қоқыс орындарының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі. Оның сөзінше, мұндай үйінділердің шамамен 40 пайызы тұрмыстық коммуналдық қалдықтардан тұрса, қалған бөлігінде құрылыс және медициналық қалдықтардың үлесі басым. Алайда олардың арақатынасы өңірге қарай өзгеруі мүмкін.

Сарапшының айтуынша, құрылыс қалдықтары көбіне белгіленген орындарға жеткізілмей, қала ішінде немесе елді мекендердің шетінде заңсыз төгіледі. Бұл мәселе әсіресе құрылыс қарқыны жоғары қалаларда өзекті.

Құрылыс қалдықтары заңсыз қоқыс орындарындағы негізгі мәселелердің бірі. Олар көп жағдайда тиісті орынға жеткізілмей, рұқсат етілмеген жерлерге төгіледі. Мысалы, Астанадағы рұқсат етілмеген қоқыс орындарының шамамен 95 пайызы құрылыс қалдықтарынан тұрады. Бұл қаланың ішінде де, оның сыртында да кездеседі, – дейді Данияр Байғараев.

Оның түсіндіруінше, мәселенің күрделілігі – құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін инфрақұрылымның жеткіліксіздігінде. Қолданыстағы Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес, құрылыс қалдықтарын полигондарға көмуге болмайды. Бетон, кірпіш және басқа да құрылыс материалдарының қалдықтары қайта өңдеуге немесе заңнамада көзделген қалпына келтіру тәсілдеріне жіберілуі керек.

Алайда елімізде оларды қабылдап, өңдейтін кәсіпорындар барлық өңірде бірдей жоқ.

Біз заңсыз қоқыс орындарын жою қажеттігін айтып келеміз. Алайда сол үйінділердің шамамен 40 пайызына жататын құрылыс қалдықтарын апаратын тиісті орындар жоқ. Демек, бұл мәселемен жүйелі түрде күресіп отырған жоқпыз. Сондықтан құрылыс қалдықтары мәселесі Экология министрлігі үшін өте күрделі міндет болып саналады, – дейді сарапшы.

Құрылыс қалдықтарының есебі неге жүргізілмейді?

Данияр Байғараев құрылыс қалдықтарын басқаруда үш негізгі мәселе бар екенін айтады. Біріншісі – оларды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу тәртібін толық реттейтін нормативтік қағидалардың болмауы.

Сарапшының мәліметінше, қалдықтардың ресми жіктеуішінде 20-ға жуық негізгі түр және 100-ден астам қосалқы түр бар. Алайда осы уақытқа дейін олардың барлығын басқару тәртібі бірдей деңгейде әзірленбеген. Құрылыс қалдықтарына қатысты да республика көлемінде бірыңғай қағидалар жоқ.

Мұндай қағидалар болмағандықтан, құрылыс қалдықтарының қалай пайда болатыны, қалай жиналатыны және қайда жеткізілуі керектігі нақты белгіленбеген. Бұл міндеттер тек жаңа нысандардың құрылысымен шектелмейді. Ескірген тұрғын үйлер мен жеке үйлерді бұзу кезінде де құрылыс қалдықтары пайда болады. Бірақ жергілікті атқарушы органдарда осы жұмыстарды жүргізетін ұйымдардың міндеттерін нақтылайтын бірыңғай тәртіп жоқ, – дейді ол.

Екінші – құрылыс қалдықтарының қозғалысын цифрлық жүйе арқылы бақылау. Сарапшының пікірінше, әрбір құрылыс нысанында түзілген қалдық көлемі, оның тасымалданған бағыты мен тапсырылған кәсіпорны электронды түрде тіркелуі қажет. Бұл қалдықтарды есепке алып қана қоймай, олардың қайта өңдеуге жіберілуін бақылауға мүмкіндік береді.

Мәселен, құрылыс басталған кезде компания жобалау-сметалық құжаттамада пайда болуы мүмкін қалдықтардың болжамды көлемін көрсетуі керек. Ал жұмыс барысында қалдықтың әрбір партиясының қозғалысы цифрлық құжаттармен расталып отырса, мемлекет оның белгіленген орынға жеткізіліп, қайта өңделуін бақылай алады.

Қазір құрылыс компаниялары мен мемлекеттік органдарды біріктіріп, қалдықтардың қозғалысын бақылайтын бірыңғай жүйе жоқ. Цифрлық бақылау болмаса, қалдықтардың нақты көлемін де, олардың қайда жеткізілгенін де анықтау қиын, – дейді сарапшы.

Үшінші мәселе – қайта өңдеу саласына инвестиция тартуға қажетті нақты ақпараттың жеткіліксіздігі. Жаңа кәсіпорын ашуды жоспарлаған инвестор белгілі бір өңірде жыл сайын қанша құрылыс қалдығы түзілетінін, оның қандай көлемі қайта өңдеуге жарамды екенін, шикізаттың тұрақты жеткізілу мүмкіндігін және өндірістің экономикалық тиімділігін алдын ала бағалауы қажет. Сондықтан өңірлер бойынша қалдық көлемі мен қозғалысы туралы нақты деректерді жинақтау инвестициялық шешім қабылдауға және қайта өңдеу кәсіпорындарын дамытуға жол ашады.

Құрылыс қалдықтарынан қандай өнім өндіруге болады?

Құрылыс қалдықтарын тек қоқыс ретінде қарастыру дұрыс емес. Сарапшының айтуынша, олардың басым бөлігін қайта өңдеп, құрылыс саласына қажетті материал ретінде қайта пайдалануға болады.

Мәселен, бетон мен темірбетон қалдықтарын арнайы қондырғыларда ұсақтау арқылы екінші реттік қиыршық тас және басқа да инертті материалдар алынады. Олар автомобиль жолдарының негізін төсеуге, өндірістік алаңдар мен құрылыс нысандарын салуға пайдаланылуы мүмкін.

Кірпіш сынықтары да жол құрылысы мен кейбір құрылыс жұмыстарына жарамды. Ал металл қалдықтары қайта балқытуға жіберіліп, ағаш, шыны және пластик қалдықтары тиісті технологиялар арқылы қайта өңделеді.

Біз қалдықтарды көбіне экологиялық проблема ретінде қабылдаймыз. Ал дамыған елдерде олар ең алдымен ресурс саналады. Сондықтан қалдықтар шаруашылық айналымына қайта енгізіліп, экономикаға пайдаланылады, – дейді Данияр Байғараев.

Оның сөзінше, құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу экономикалық тұрғыдан да тиімді болуы мүмкін. Мысалы, кәсіпорын құрылыс қалдықтарын қабылдап, оны өңдеп, дайын өнімді жол салатын немесе құрылыс жұмыстарымен айналысатын компанияларға сата алады.

Сарапшы Астанада бір тонна құрылыс қалдығын қабылдау тарифі 3 548 теңге екенін айтады. Осылайша кәсіпорын қалдықты қабылдаудан да, одан алынған екінші реттік материалды сатудан да табыс таба алады.

Сонымен қатар қайта өңделген материалдарды пайдалану табиғи қиыршық тас пен басқа да бастапқы шикізатқа деген сұранысты азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жаңа карьерлер ашу қажеттілігін төмендетуге де ықпал етуі мүмкін.

Қайта өңдеу кәсіпорындары неге аз?

Данияр Байғараевтың айтуынша, қазір Астанада құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін ресми кәсіпорын бар. Ал басқа өңірлерде мұндай нысандарды ашу мәселесі әзірге жоспарлау кезеңінде.

Менің білуімше, қазіргі уақытта Өскемен, Алматы, Шымкент және Орал қалаларында құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорындар ашу мәселесі жоспарлау сатысында тұр. Бірақ әзірге бұлар – нақты іске қосылған нысандар емес, жоспарлар ғана, – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, бұл бағытта кәсіпорын ашу үшін ең алдымен тұрақты шикізат ағыны мен түсінікті ережелер қажет. Инвестор қалдықтардың көлемін, жеткізу тәртібін және дайын өнімге деген сұранысты алдын ала білуі керек.

Ал мұндай ақпарат пен нормативтік негіз болмаса, кәсіпорынның экономикалық тиімділігін есептеу де қиындайды.

Құрылыс қалдықтарының 95 пайызы қауіпті емес

«Жасыл даму» АҚ өкілдері де құрылыс қалдықтарын басқарудағы негізгі қиындықтардың бірі ретінде бірыңғай есеп пен мониторинг жүйесінің жеткіліксіздігін атады.

Компанияның BAQ.KZ редакциясына берген жауабына сәйкес, қазір құрылыс қалдықтарының қанша көлемі түзілетіні, оның қанша бөлігі қайта өңделетіні және қаншасы орналастырылатыны жөнінде республикалық деңгейде толық расталған деректер жоқ.

Қазіргі уақытта құрылыс қалдықтарын қайта өңдеуге және орналастыруға бағытталған көлемдердің пайыздық арақатынасы туралы нақты жиынтық деректерді қосымша тексеру қажет. Сонымен қатар Тұжырымдамаға сәйкес, құрылыс қалдықтарының шамамен 95 пайызы қауіпті емес қалдықтар санатына жатады. Бұл оларды қайта пайдалану мен өңдеудің айтарлықтай әлеуеті бар екенін көрсетеді», – деп хабарлады компания.

«Жасыл даму» АҚ мәліметінше, құрылыс қалдықтарының негізгі бөлігін бетон, темірбетон, кірпіш сынықтары, цемент пен сылақ ерітінділерінің қалдықтары, асфальтбетон және топырақ құрайды. Бұдан бөлек, олардың құрамында металл, ағаш, шыны, пластик, гипсокартон және жылу оқшаулағыш материалдар да кездеседі.

Ең алдымен бетон, темірбетон, кірпіш және асфальтбетон қалдықтарын жаппай қайта өңдеуге мүмкіндік бар. Оларды өңдеу нәтижесінде алынған материалдар құрылыс пен жол саласында қайта қолданылуы мүмкін.

Компания өкілдері қайта өңделген өнімнің сапасы техникалық регламенттерге, құрылыс нормалары мен ұлттық стандарттарға сәйкес болуы керектігін атап өтті. Ол үшін шикізаттың құрамы тексеріліп, қажетті зертханалық сынақтар жүргізілуі тиіс.

Қалдықтардың қозғалысы цифрлық жүйе арқылы бақылана ма?

Құрылыс қалдықтарын есепке алу мен тасымалдауды бақылау үшін «Жасыл даму» АҚ цифрлық құралдарды енгізу мәселесін де қарастырып жатыр.

Компанияның мәліметінше, Астанада құрылыс қалдықтарын шығару процесін GPS, фотофиксация және қалдықтардың белгіленген орындарға жеткізілгенін растау тетіктері арқылы бақылауға арналған пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Құрылыс қалдықтарын басқару процестерін цифрландыру жұмыстары пысықталуда. Атап айтқанда, Астана қаласында GPS, фотофиксация және қалдықтардың белгіленген орындарға жеткізілгенін растау құралдарын пайдалана отырып, құрылыс қалдықтарын шығару процесін бақылау жөніндегі пилоттық жоба іске асырылып жатыр, – деп хабарлады компания.

Ал Данияр Байғараевтың айтуынша, Астанада коммуналдық және құрылыс қалдықтарын басқаруды цифрландыруға арналған екі ақпараттық жүйе енгізілген.

Сарапшының сөзінше, 2025 жылғы 11 қазанда аталған жобалар Мемлекет басшысына таныстырылып, мақұлданған. Оның пайымдауынша, елордадағы тәжірибе республика көлемінде осындай жүйелерді енгізуге негіз бола алады.

Қазақстанда құрылыс қалдықтарын басқару жүйесі қалай өзгереді?

Құрылыс қалдықтары мәселесін шешу үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі барлық қалдық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлеген. Құжат 2025 жылғы 31 желтоқсанда қабылданды.

Тұжырымдамада қалдықтардың әртүрлі түріне арналған нормативтік құжаттар әзірлеу, бірыңғай цифрлық платформаны қалыптастыру және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту міндеттері қарастырылған.

Сарапшының мәліметінше, 2026 жылы тұжырымдаманы іске асыруға арналған кешенді бағдарлама әзірленген. Онда құрылыс, медициналық, күл-қож қалдықтары, пайдаланылған майлар, шиналар, электр және электрондық жабдық қалдықтарын басқару қағидаларын әзірлеу көзделген.

Құрылыс қалдықтарын басқару қағидаларын бекіту керек. Сонымен қатар цифрлық платформаны әзірлеу және әр облыс пен қалада қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуға инвесторларға мүмкіндік жасау қажет. Бұл – қымбат әрі күрделі емес бизнес. Негізгі қажетті құрал – қалдықтарды ұсақтайтын қондырғы, – дейді Данияр Байғараев.

«Жасыл даму» АҚ өкілдерінің айтуынша, құрылыс қалдықтарын басқару жүйесін жетілдіру бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, оларды жинау, сұрыптау, тасымалдау және қайта өңдеу тәртібін реттеу, цифрлық есепке алу жүйесін енгізу, арнайы инфрақұрылымды дамыту, екінші реттік құрылыс материалдарын пайдалануды ынталандыру және заңсыз қоқыс орындарының алдын алу көзделген.

Компанияның пікірінше, бұл шаралар құрылыс қалдықтарын жай ғана полигонға жеткізуден оларды есепке алып, қайта өңдеп, шаруашылық айналымына қайта енгізуге көшуге мүмкіндік береді.

Ғимараттарды бұзу кезінде де қалдықтарды өңдеу ескерілуі керек

Құрылыс қалдықтарының тағы бір бөлігі ескі тұрғын үйлер мен ғимараттарды бұзу кезінде пайда болады. Данияр Байғараевтың айтуынша, бұл процесте де қалдықтарды жинау мен қайта өңдеуге жеткізу шығындары алдын ала қарастырылуы қажет.

Астананы қоспағанда, басқа қалаларда ғимараттарды бұзу жөніндегі конкурстық құжаттамада құрылыс қалдықтарын қайта өңдеуге жіберу шығындары қарастырылмаған. Негізі, ғимаратты бұзуға, қалдықтарды жинауға, тасымалдауға және оларды қайта өңдеу кәсіпорнына тапсыруға жұмсалатын шығындар бөлек есептелуі керек, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, құрылыс қалдықтарын басқару жүйесі тек жаңа нысандар салу кезеңін емес, ескі ғимараттарды бұзу жұмыстарын да қамтуы керек. Ол үшін әкімдіктердің конкурстық құжаттамасында қалдықтарды сұрыптау, тасымалдау және қайта өңдеуге тапсыру талаптары мен шығындары нақты көрсетілгені маңызды.

2027 жылды Халықтық құрылыс жылы деп жариялау бастамасы аясында құрылыс саласының дамуы мен оған ілеспе экологиялық мәселелерді қатар қарастыру қажет. Жаңа тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарының көбеюі құрылыс қалдықтарын да басқару қажеттігін арттырады.

Сондықтан бұл бағыттағы негізгі міндет – қалдықтарды заңсыз төгуге жол бермеу ғана емес, оларды қайта өңдеп, экономикалық айналымға енгізетін жүйе қалыптастыру.

Наверх