Қазақстанда 14 пен 18 жас аралығындағы 3 мыңға жуық жасөспірім ата-анасының рұқсатымен ресми жұмысқа орналасқан. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаев Құрылтайда өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Мейірхат Қасымбаев кәмелетке толмағандардың заңсыз еңбекке тартылу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, әсіресе құрылыс және қоғамдық тамақтану салаларында жасөспірімдердің заңсыз жұмыс істеу деректері тұрақты тіркеліп келеді.
Осыған байланысты депутат балаларды заңсыз еңбекке тарту фактілерін анықтау үшін қандай тетіктер енгізілетінін және бұл бағытта мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы қалай ұйымдастырылатынын сұрады.
Вице-министрдің айтуынша, Еңбек министрлігі жанындағы еңбекті қорғау институты балалар еңбегіне қатысты зерттеу жүргізген. Оған 100 мыңнан астам респондент қатысқан. Зерттеу нәтижесінде 14 жастан асқан балалардың жұмысқа орналасуға қызығушылығы бар екені анықталған.
Осыған байланысты enbek.kz платформасында «Менің жазғы демалысым» функционалы іске қосылған. Ол 14 жастан бастап балаларға ата-анасының рұқсатымен ұйымдарға ресми жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.
Қазір шамамен 1,5 мың ұйым 10 мыңға жуық бос жұмыс орнын жариялады. Соның нәтижесінде 14 пен 18 жас аралығындағы 3 мыңға жуық бала ата-анасының рұқсатымен ресми жұмысқа орналасты. Олармен еңбек шарттары жасалды, – деді Бахтияр Жазықбаев.
Вице-министрдің мәліметінше, биыл мамыр-тамыз айларында еңбек инспекциялары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалар еңбегін заңсыз пайдалануға жол бермеу бойынша жұмыс жүргізген. Осы кезеңде шамамен 8 мың ұйым тексеріліп, балалар еңбегіне қатысты да заңбұзушылықтарды қоса алғанда, 1 600-ден астам бұзушылық анықталған.
Нәтижесінде жалпы сомасы 230 млн теңгеге жуық 3 300 хабарлама берілген.
Министрлік өкілі мұндай ұйымдарда еңбек инспекцияларымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ анықталған мәселелер бойынша тиісті қорытындылар жасалып, заң жобаларына балалар еңбегін заңсыз пайдалануға жол бермеуге бағытталған нормалар енгізіліп жатқанын жеткізді.