Құрылыс материалдарының өндірісінен ел экономикасына 33,8 млрд теңге салық түсті – Атамқұлов

28 Желтоқсан 2021, 09:39
1042
Бөлісу:
Құрылыс материалдарының өндірісінен ел экономикасына 33,8 млрд теңге салық түсті – Атамқұлов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында айтты. 

Биыл 11 айдың қорытындысында құрылыс материалдары өндірісі 9,2% өсіп, 820,2  млрд теңге болды. Өңдеуші өнеркәсіп құрылымында сала үлесі шамамен 5,5% құрайды. Салада 2 442 кәсіпорын бар. Оларда 26 мыңға жуық адам жұмыс істейді. 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында саладан ел экономикасына 33,8 млрд теңге салық түсті. Бұл өткен жылғыдан 1,3 есе жоғары көрсеткіш, - деді ол. 

Оның айтуынша, жалпы құрылыс материалдарының ішкі нарығы 2,6  млрд АҚШ долларын құрайды.

Оның ішінде отандық өндіріс үлесі - 60%, импорт - 40%. Көріп отырғанымыздай, отандық өндірушілер ішкі нарықтың бетон, цемент, қабырға материалдары сияқты базалық құрылыс материалдарына қажеттілігін толық өтейді. Барлығында дерлік құрылыста және жөндеу жұмыстарында қазақстандық гипсокартон мен құрғақ құрылыс қоспалары қолданылады, - деді Атамқұлов. 

Министр атағандай, әрлеу сегментінің қосылған құны жоғары тауарлары импортқа тәуелді болып отыр.

Әдетте бұл әрлеу материалдары, тұсқағаздар, линолеум, жылу оқшаулағыш материалдар, санфаянс және шыны бұйымдары, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы