- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Құрылтай жұмысы әлемдік тәжірибеге қаншалықты жақын? Сарапшы пікірі
Құрылтай жұмысы әлемдік тәжірибеге қаншалықты жақын? Сарапшы пікірі
Құрылтай отырыстарын ашық форматта өткізу маңызды.
17 Шілде 2026, 07:30
Парламенттің тиімділігі тек заң шығарумен шектелмеуі керек. Бұл туралы ҚР ҰҒА Білім және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен «Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі» тақырыбында өткен сарапшылар платформасының отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының сөзінше, Парламент қоғаммен байланысты жүзеге асыруы керек.
Көп жағдайда әлемдік тәжірибені қарайтын болсақ, парламенттердің жұмыс істеуінің тиімділігін тек шығарған заңдарының санына, сапасына қарап өлшенбейді. Бұл жерде парламенттің қоғаммен диалогының қаншалық байланысы бар екендігімен өлшенеді, Себебі парламент - халықтың таңдауы. Халық парламентті сайлау арқылы қалыптастырады. Яғни халықтың өкілі болғандықтан парламент халықпен тығыз жұмыс істеуі керек, - дейді сарапшы.
Жеңісбек Төленнің айтуынша, көп жағдайда бір проблема бар: парламент бөлек заң шығарып жатады, ал қоғам өз қазанында қайнап, проблемадан проблема “қуырып” жатады. Яғни заң шығару орган мен халық арасындағы байланыс жетпей жатады.
Швейцария мысалы
Сарапшының сөзінше, бұл елдің тәжірибесінде парламент заң шығарар алдында халықпен тікелей байланыс жасап, халықтың мұң-мұқтажын, мүддесін ескереді.
Өйткені парламент кез келген заң шығарар алдында халықпен етене байланысып, кейстер, ұйымдар арқылы ұсыныстарды жинап, парламентке ұсынып, соны жүзеге асырады, - дейді Жеңісбек Төлен.
Финляндия мысалы
Финляндияда азамат заңнамалық бастама жүйесін жасайды.
Кез келген шығарылатын заң азаматтық бастама негізінде іске асады. Яғни азаматтар өзінің ұсыныстарын парламентке айтады. Парламент оны ескереді және заң қабылдауда соны алға тартады, - дейді маман.
Сарапшының сөзінше, дәл сол секілді халықтық парламенттің бір мысалы ретінде Ұлыбританияны алуға болады.
Онда парламент комитет арқылы жұмыс істейді. Бізде қазіргі парламентте де комитеттер жұмыс істеп отыр. Бірақ осы комитеттерді кәсібилендіру керек. Себебі заң эмоцияға сүйеніп шығарылмауы керек. Ол салқынқанды нақты ғылыми негізделген бағытта шығарылуы керек. Ұлыбританиядағыдай әр комитет өз саласында кәсіби жұмыс тобы болуы керек. Сол арқылы нақты шешімдерді, заңдарды қабылдап, ұсынады, - деп түсіндірді сарапшы.
Оңтүстік Корея
Оңтүстік Кореяда заң шығаруда электронды бақылау жүзеге асырылады.
Яғни халық өзі ұсынған заңды қалай жүзеге асып жатқанын, қай кезеңде екенін электрондық бақылау жүйесі арқылы көріп отырады. Мұндай тәжірибелерді ескерсек, Қазақстанда құрылып жатқан бір палаталы Құрылтайдың жұмыс тобы үшін әлемдік тәжірибені саралау маңызды. Ең жетік, ең нәтижелі жүйелерді Қазақстан мысалында қолдану үшін қарап отырмыз, - дейді сарапшы.
Жеңісбек Төлен Ұлыбритания мысалынан не алуға болатынын түсіндірді.
Кәсіби комитеттердің жұмыс істеуі: Құрылтайда парламенттің жалпы отырысындағыдай емес, әр комитет кәсіби тұрғыда жұмыс істеуі керек. Өздеріне қатысты сарапшылармен, ғалымдармен, азаматтық қоғам өкілдерімен тікелей диалогпен жұмыс істеп, солардың ұсынысын жинақтап, сол арқылы заңға жүйелі ұсыныс беруі керек. Екіншіден, Оңтүстік Кореядағыдай әр ұсыныстың орындалуын бақылау жүйесін орнату маңызды. Бұл өте маңызды. Азаматтар өзінің ұсынысы қаншалық орындалған не орындалмағанын бақылау арқылы саяси процестерге қатысып отырады. Үшіншіден, Құрылтай отырыстарын ашық форматта өткізу маңызды. Қазіргі уақытта әділетті Қазақстан, ашық қоғам деп жатамыз. Себебі халық Құрылтайда не талқыланып жатқанын тікелей көріп отырады, - дейді маман.
Төртіншіден, Құрылтай жанынан талдау және стратегиялық зерттеу орталығын құру маңызды.
Құрылтайда кәсіби мамандар мен халық өкілдері болуы шарт деді. Олар халықтың мүддесін қорғау үшін азаматтық қоғамның сарапшыларымен жұмыс істеп отыруы керек. Сонда ғана нақты кәсіби шешім қабылданып отырады, - дейді маман.
Бесіншіден, азаматтардың заңнамалық бастамалық қарау механизмін үйлестіру керек.
Себебі Финяляндия тәжірибесі бойынша халық ұсынысы біртіндеп парламентке баратын механизмді жүзеге асыру керек. Одан бөлек, Құрылтай жыл соңында есеп жүргізсе, бұл оның жұмысын одан әрі тиімді ете түседі. Себебі бір жылда Құрылтай қандай шешімдер мен заң қабылдады, қандай мәселе өткеніне қатысты есеп беріп отырады. Халық өздері қатысқан мәселеге байланысты заң қаншалық өткенін есептеп отырады, - дейді сарапшы.
Жеңісбек Төленнің айтуынша, бұл қоғам үшін маңызды. Себебі ол қоғамның саяси процестерге қатысуын арттырады.
Екіншіден қоғам мен билік арасындағы ашықтықты қалыптастырады. Үшіншіден, үкімет қана емес, парламент те халық өкілі ретінде сайланғандықтан есеп беру процесін жүзеге асырады. Осы үш қағида жүзеге асқанда парламенттің жұмысының тиімділігі бірнеше есе артады, - деп түйіндеді сарапшы.
Ең оқылған:
- Атыраудағы қанды қылмыс: сот бес баланың тағдырына қатысты шешім шығарды
- Жамбыл облысында 9-сынып оқушысы қатарластарын қорқытып, ақша бопсалаған
- Астанада кәріз құдығынан табылған нәрестенің анасы ұсталды
- Павлодарда алаяқтар торттың ішіне жарылғыш зат салып, зейнеткерлерге берген
- 22 млрд теңгелік айыппұл жойылды: Амнистия кімдерге қатысты болды?
Сымбат Сатыбалдина