Құрылтай сайлауы: Жастардың саяси белсенділігі сарапшылар талқысына түсті

27 Тамыз 2026, 12:53
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Аида Батухан 27 Тамыз 2026, 12:53
27 Тамыз 2026, 12:53
104
Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Астанада жастардың Құрылтай сайлауына қатысуы, саяси белсенділігі және жаңа саяси жүйедегі рөлі талқыланды. Jastar X диалог алаңы аясында өткен сарапшылар кездесуіне мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу ұйымдарының және азаматтық қоғамның өкілдері қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Құрылтай сайлауы 2026: жастардың қатысуы мен белсенділігі» тақырыбындағы жиын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Кездесу барысында сарапшылар елдегі конституциялық өзгерістердің мәніне, жаңа саяси жүйенің қалыптасуына және жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге араласу деңгейіне тоқталды.

Отырыста сөз алған заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Жамаладен Ибрагимов жастардың Құрылтай сайлауындағы рөліне тоқталды.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Жастар – үлкен электоралдық ресурс. Олардың саяси белсенділігі Құрылтайдың легитимдігін айқындайды. Жастар дауыс беру арқылы мемлекеттің алдағы стратегиялық даму бағытын таңдауға қатысады, – деді сарапшы.

Сондай-ақ жиында жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, саяси сауаттылығын күшейту және мемлекеттік институттармен ашық диалог орнату мәселелері сөз болды.

Сарапшылар жастардың саяси үдерістерге қатысуы тек сайлау күні дауыс берумен шектелмеуі керектігін, олардың қоғамдық бастамаларға, талқылауларға және елдің дамуына қатысты шешімдерге тұрақты түрде араласуы маңызды екенін атап өтті.

Айта кетейік, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы 2012 жылдан бері мемлекеттік жастар саясаты саласында ғылыми-талдамалық және әлеуметтік зерттеулер жүргізіп келеді.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Орталық осы уақытқа дейін «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасының 13 шығарылымын, 42 талдамалық баяндама мен 53 әдістемелік материал әзірлеген. Сонымен қатар жастар саясаты саласындағы мүдделі тараптарға 300-ден астам ұсыным дайындалып, 44 мыңға жуық респондент қамтылған әлеуметтік зерттеулер жүргізілген.

Еске салсақ, кеше республикалық Тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауын ұйымдастыруға қатысты өз бағасын берді. Ел Президенті сайлаудың бұрын соңды болмаған жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Тағы оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауында жастардың рөлі қандай болды? – сарапшы жауап берді 

Наверх