Елімізде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып бекітіліп, кәсіби мереке ретінде 2013 жылдан бері атап өтіліп келеді. Осыған орай бүгін Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысып, бірқатар азаматты марапаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәдениет пен өнер ел халқының рухани дамуына ерекше үлес қосатын сала. Бүгін де осы саланың тізгінін ұстап, болашақ ұрпаққа ұлттық құндылықты мұра етіп қалдыру үшін қызмет етіп жүрген жандар жетерлік. Еңбектері бағаланып, Мемлекет басшысынан марапат алған азаматтар жайлы не білеміз. Шолу жасап көрген едік.
Құрметке бөленгендер
Ғайнижамал Әбілдина - тележурналистика саласында есімі белгілі тұлға. Қазақ кинопедагогикасының негізін салғандардың бірі. Әл – Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университетінің журналистика факультетін 1976 жылы бітірген. Қазақ өнері мен мәдениетін өркендетуге аянбай еңбек етіп келе жатқан жан. КСРО Кинематографистер мен Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. Жүзден астам деректі фильмдерді жасауға қатысқан. «Ұлытау: ғасырлар үні», «Ескендір», «Қауышу», «Серілер елі», «Балғын шақ», «Телқоңыр», «Жайық таңы», «Оян, қазақ», «Мейірімділік», «Жанның жомарттығы» , «Origins» сынды жұмыстары Қазақстанның «алтын қорына» енгізілген.
Жас болса да, өнер саласының биікке көтерілуіне үлес қосып жүрген Азамат Асқаров бүгін «Құрмет» орденін алды. Ол Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисті. А. Селезнева атындағы Алматы хореографиялық училищесін 2010 жылы бітірген. Халықаралық байқаулардың лауреаты. Балеттерде князь Зигфрид, Ротбардт (П. И. Чайковскийдің «Аққу көлі»), Граф Альберт («Жизель» А.Адам), Ханзада («Щелкунчик» П. И. Чайковский), Чекист («Қызыл Жизель» П. И. Чайковский, А. Шнитке, Дж. Бизе), Вронский («Анна Каренина», Борис Эйфман), Конрад («Корсар» А.Адам), «Спартак» («Спартак» А.Хачатурян), Вацлав («Бахчисарай фонтаны» Б.Асафиев), Джеймс («Ла Сильфид» Г.Левеншольд), Ромео, Париж («Ромео мен Джульетта» С. Прокофьев) сынды басты рөлдерді сомдайды.
Ахатов Асылбек Құсымұлы 1973 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 1994 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінде қызмет етіп келеді. 1988-1992 жж. аралығында Атырау музыка колледжінде, 1993-1997жж. Қазақ ұлттық консерваториясында халық музыкасы факультеті, домбыра мамандығы бойынша профессор К.С Сахарбаева класын бітіріп шыққан. 1994 жылдан бері Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде қызмет етуде. 2000-2007 жж. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде қосымша қызмет істеген. 2001 жылы Даулеткерей атындағы бірінші Республикалық домбырашылар конкурсының лауреаты атанды. 2005 жылы А.Ахатовтың орындауында «Көшпенділер» фильміне күй жазды. 2004 жылы Мәдениет министрінің құрмет грамотасымен марапатталды. 2004-2006 жж. Қазақ Ұлттық Құрманғазы атындағы консерваториясының ассистентура-стажировкасын профессор ҚР халық артісі Қаршыға Ахмедьяровтың класынан бітіріп шықты. 2006 жылы Англияда (Лондон қаласы) CD жинақта орындаған күйлері жарық көрді. 2007 жылы ҚР Мәдениет Қайраткері атағына ие болды.
Джулмухамедова Айжан Абылайханқызы - А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы. Профессор, Халықаралық виолончельшілер қауымдастығының мүшесі, «Қазақстан өнер форумы» халықаралық шығармашылық ұйымының сарапшысы, түрлі республикалық және халықаралық байқаулардың тұрақты төрағасы және қазылар алқасының мүшесі.
Қалдыбаева Гүлжан Ақмәдиқызы - Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейінің суретші-реставраторы. 1981 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 2007 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көркемсурет және графика факультетін бітірген. Реставратор ретінде әртүрлі техниканы пайдалана отырып көптеген жұмыстарды қалпына келтірген. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
Карменова Тоғжан Жанатқызы - А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі директорының орынбасары. Еңбек жолын 2000 жылы А.Селезнев атындағы өнер академиясында концертмейстер, фортепиано мұғалімі болып бастайды. Мектепте жұмыс істеген жылдары жалпы кәсіптік пәндер кафедрасының меңгерушісі, әдіскер қызметтерін атқарады. Ол жоғары санатты маман, жетекші концертмейстер. Хореографиялық оқу орындарына арналған «Қазақ биінің антологиясы» атты тұңғыш музыкалық оқу құралын құрастырушылардың бірі.
Құлыш Қапаш Қабыкенқызы - 9 мамырда 1949 жылы Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Дөңгілағаш ауылында дүниеге келген. Кеңестік және қазақстандық әнші (сопрано), профессор, педагог. Қазақстанның Халық Әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, халықаралық конкурстардың лауреаты. Алғашқы домбыра сабақтарын Көркем өнерпаздар үйірмесінің жетекшісі, аңызға айналған Үкілі Ыбырайдың немересі Мұса Асайыновтан алған. Оның репертуарына Ыбырайдың «Қалдырған» «Гәкку»,«Сұлу Көкше» және т.б әндері енді. 1966 жылы Көкшетау облыстық филармониясының солист-вокалисті. 1967 жылы 1967 жылы Республикалық эстрада-цирк студиясына Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің сыныбына оқуға түсіп, 1969 жылы тәмәмдайды. 1969-жж. Республикалық «Гүлдер» жастар – эстрадалық ансамблінің жетекші солисі. Д.Қонаевтің өзі бастап барған Куба астанасы Гаванада өткен XI Жастар және студенттер фестивалінің халықаралық байқауында Қапаш Құлышеваның салған әніне, сұлу дауысына Фидель Кастроның өзі қолын сүйіп, ризашылығын білдірген.
Медеубаева Светлана Магнитқызы - А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің бөлім басшысы. 2008 жылы екінші буын хореографиялық өнер мамандығы бойынша Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын әзірлеу бойынша авторлық топтың құрамына кірді, ал 2010 жылы үшінші буын стандартын әзірлеу тобының құрамына енді. Арнайы пәндер бойынша бірқатар бағдарламалар мен тест тапсырмаларының авторы. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2006), «Ы.Алтынсарин» (2009) төсбелгісімен марапатталған. 1984 жылдан бері А. Селезнева атындағы Алматы хореографиялық училищесінде жұмыс істейді.. Екі негізгі арнайы пәнді – классикалық және тарихи билерді оқытады.
Молдашева Гүлзира Бәкірқызы - Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейінің бас қор сақтаушысы. 1986 жылы Алматы педагогикалық шет тілдер институтын бітірген. Еңбек жолын 1986 жылы Арқалық ауданы Ангарск орта мектебінде ағылшын тілі мұғалімі болып бастайды.Ал, Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер мұражайында 1988 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Мұртазина Қарлығаш Төкенқызы - «Айгүл» ВАА вокалисі. Ол 1956 жылы 26 маусымда Семей облысында дүниеге келген. Қыздар педагогикалық институтының түлегі. 1970 жылдары Қыздар педагогика институты жанынан құрылған вокалды-инструменталды «Айгүл» ансамблінің әншісі ретінде елімізге кеңінен танылды. Жас, әдемі әрі талантты әнші ансамбль құрамында жүріп, алыс-жақын шетелдерге қазақтың бай ән өнерін дәріптеді. Оның дауысы туралы сол кездері «жүрекпен айтады» деген сөз қалыптасқан. Институтты тәмамдаған соң, Мәскеудегі жоғары режиссерлық курсты үздік аяқтайды. Жас маман еңбек жолын «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан бастаған. 2011 жылдан «Мәдениет» телеарнасында да режиссер қызметін атқарады. Деректі фильмдер түсіру саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп, талай жетістікке жеткен. Оның «Елім-ай» фильмі 1996 жылы АҚШ-тың Анкоридж қаласында деректі фильмдер фестивалінде жүлдегер атанса, 1998 жылы «Алтын жұлдыз» республикалық телевизиялық конкурсының, сонымен қатар, «Жаһандық гуманитарлық жетістігі» үшін халықаралық кинофестивалінің лауреаты атағын жеңіп алды.Ол ҚР Мәдениет қайраткері.
Насирова Гульбахар Қасымқызы - Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының бөлім меңгерушісі. 1983 жылы А.Островский атындағы Ташкент мемлекеттік театр-көркемсурет институтының «Музыкалық драма актері» факультетін бітірген. 1983 жылдан Құддус Құжамьяров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрында актриса, 1996 жылдан бүгінгі күнге дейін әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етіп келеді.
Тоқжанов Төлепберген Торахметұлы - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры. Композиторлар одағының, Қазақстан Республикасы Авторлар қоғамының және Күйшілер одағының мүшесі. 1,2,3,4,5-сыныптарға арналған «МУЗЫКА» оқулығының авторларының бірі. Елімізде тұңғыш болып «Сыр бойының» музыкалық мұрасын қағазға түсірген белгілі ғалым бірнеше музыкалық-этнографиялық жинақтар мен отызға жуық әдістемелік құралдар шығарды. Жүзден астам ғылыми-публицистикалық мақалалар жарық көрді. Мақалалар халықаралық ғылыми конференциялардың жинақтарында тұрақты түрде жарияланып тұрады. Шәкірттері республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары.
Еңбегі еленгендер
Ақпасова Бәтеш Рахметжанқызы - Қазақстан Республикасының ұлттық музейінің қызмет басшысы. 1984 жылы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларын есепке алу, сақтау, консервациялау және реставрациялауды уақытша сақтау жәдігерлерін есепке алу және сақтау секторының меңгерушісі болып жұмыс істейді. Оодан кейін қорларды есепке алу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.
Бисенғалиев Мұрат Құмарғалиұлы - А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының аға оқытушысы. А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінде және Қазақ ұлттық консерваториясында үрмелі және соқпалы аспаптар оркестрінің директоры және дирижері.
Бейсенбай Темірлан Қайратұлы - Пианист, музыкант. 2022 жылы «Оркестр зертханасы» атты халықтық және симфониялық аспаптардан тұратын жеке оркестрін құрды. 2022-2024 жылдар аралығында Ратович деген бүркеншік атпен өнер көрсететін Бейсенбай Темірлан Қазақстанның барлық дерлік қалаларында 70-ке жуық жеке концертін берді.
Жабаева Әлия Шүйіншәліқызы - Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры режиссердің көмекшісі. 1997 жылы Санкт-Петербург кәсіподақтар гуманитарлық университетін өнер мамандығы бойынша бітірген. Әлия Шүйіншәліқызы 1997 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында режиссердің көмекшісі қызметін атқарып келеді.
Өмірбекова Марина - Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры аккомпаниатор-концертмейстері. 1986 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.
Айсын Жексен Қуанұлы - Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Кәсіби еңбек жолын Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптар оркестрінде бастайды. 2004 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің 70 жылдығында «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. 2019 жылдан бері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің дирижері.
Ақмолдаев Саян Досмахамбетұлы - Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты республикалық мемлекеттік мекемесінің «Халық аспаптары» кафедрасының ұстазы. 2000 жылдан бері Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатында қылқобыз аспабынан сабақ береді.
Темірбекова Әлия Жанәбілқызы - Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының бас хормейстері. 1998 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1994 жылдан Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында 2008 жылға дейін хормейстер, 2008 жылдан қазіргі уақытқа дейін бас хормейстер болып қызмет атқарды. А.Темірбекова Қазақстанның опера өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Ол қазақ, батыс еуропалық және ресейлік композиторлардың барлық хор репертуарын дайындаған.