Құр әңгіме мен жоспарлар ғана, қайтарымы жоқ – Сенатор «Самұрық-Қазына» қоры туралы

27 Қаңтар 2022, 11:07
1565
Бөлісу:
Құр әңгіме мен жоспарлар ғана, қайтарымы жоқ – Сенатор «Самұрық-Қазына» қоры туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Еділ Мамытбеков «Самұрық-Қазына» қоры туралы заңды қайта қарау не тіпті оны ел экономикасының дамуын тежеуші ретінде жою қажет деп санайды.

Сенатор өзінің депутаттық сауалында 600-ге жуық ұйымды қамтитын квазимемлекеттік секторды, әсіресе «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын түбегейлі реформалау жөніндегі Президент алға қойған міндеттерді іске асырудың маңызын атап өтті.

Соңғы уақытта «Самұрық-Қазына» қорына қатысты шағымдар аз емес. Бұған себептер де жеткілікті - Холдингтің құрамына көптеген қуатты институттар кіреді, олардан қайтарымын күткенімізге көп болды. Ал ол жоқ! Құр әңгіме, түсініксіз жоспарлар, жобалар, бағдарламалар ғана бар. Қордың басты кемшілігі - оның көп миллиардтық мемлекеттік қаражатты бөлудегі және жұмсаудағы схемаларының көмескілігі мен шатасуы болып табылады, - деп атап өтті сенатор.

Сенатор сондай-ақ Үкімет алдына қорды жаңғырту жөніндегі қабылданатын үлгінің тиімділігіне қатысты бірқатар мәселелер қойды.

Бәсекелестік ортаға қандай активтер беріледі? Ұлттық экономикалық қауіпсіздік мүдделері қалай ескерілетін болады? Барлығын бәсекелестік ортаға беру керек пе? Қорды жаңғыртудың қабылданатын үлгісінің тиімділігі қандай, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын қысқарту мөлшері қандай? Бұл ретте біз стратегиялық маңызды объектілер мемлекеттің бақылауында қалуы тиіс және жекешелендіруге жатпауы керек деп есептейміз. Үкімет жоғарыда аталған проблемалар мен міндеттер бойынша өзінің мемлекеттік ұстанымын қабылдап, әзірлеуі қажет деп санаймыз, - деп атап өтті Еділ Мамытбеков.

 

Өзгелердің жаңалығы