Қуат Адис: Біз жүрегі бар ұрпақ тәрбиелеуіміз керек

28 Наурыз 2022, 17:10
3436
Бөлісу:
Қуат Адис: Біз жүрегі бар ұрпақ тәрбиелеуіміз керек
Фото: автордан

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өмірдегі ең қиын да, жауапты іс – бала тәрбиесі десек, смартфон мен теледидарға телмірген заманда баланы кітап оқуға баулу қиынның қиыны екені анық.

Бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Енді біз қайтсек, балалардың кітапқұмар болуына әсер етеміз? Олардың кітапқа қызығушылығын қалай арттырамыз? Осы сауалдар төңірегінде балалар ақыны Қуат Адиспен сұхбаттасқан болатынбыз. 

– Қазіргі балалар әдебиетінде сізді не толғандырады?

– Қазіргі балалар әдебиетін сөз қылмас бұрын өткенге сәл шегініс жасауға тура келеді. Көбіне біз қазақ балалар әдебиетінің тарихын өткен ғасырдан бастаймыз. Иә, ХХ-шы ғасырдың отызыншы жылдары қазақ кеңес балалар әдебиетінің негізін қалаған Сапарғали Бегалин мен оның қалыптасуына, дамуына зор еңбек сіңірген Қалмақан Әбдіқадыровты білеміз. Десе де, қазақ балалар әдебиеті халқымызбен бірге жасасып келе жатыр. Біздің бабаларымыз ертегі, аңыздарды, қисса-дастандарды тыңдап өсті. Эпостық жырлардың тууына себепші болған да көшпенді тіршілік кешкен халқымыздың тұрмыс-салты мен сан қатпарлы тарихы еді. Байырқалы байтақты мекен еткен халықтың бүтін болмысын суреттейтін сол рухани құндылықтарымыз ұрпақ тәрбиесінде маңызды роль атқарды. Ендеше, ұлт болып қалыптасуымызда өзінің миссиясын жүз пайыз орындаған халық ауыз әдебиетін дәстүрлі тәрбиеміздің алтын қоры деп атауға болады. Кейіннен уақыт талабына қарай қазақ әдебиеті қалыптасып, ол әр кезеңде жанрлық тұрғыда түрленіп, дамыды. Соның бір бөлшегі балалар әдебиеті. Расында өткен ғасырдың бел ортасынан бастап қазақ балалар әдебиетінің өркендеу дәуірі басталды. Сол кезеңдегі идеологияның талабымен өскелең ұрпақтың тәрбиесі ақын-жазушыларға жүктелді. Қолына қалам ұстаған қауым өндіріп жазып, көптеген сүбелі туындыларды дүниеге әкелді және сол шығармалармен бірнеше буын ұрпақ тәрбиеленді. Мәселен, бір ғана Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повестінің бас кейіпкерлеріне қарап сол дәуірдің «пионерлері» бой түзеді. Бүкіл республикаға 300 мың данамен тараған «Балдырған» журналынан төменгі сынып оқушылары тақпақ жаттап, тәлім алды, жаңылтпаш жаттап, тілін ширатты, жұмбақ шешіп, ақылын-ойын толықтырды. Ал, алдыңғы буын аға-апаларымыздың кішкентай күнінде асыға күтіп, жастана жатып оқыған сол сүйікті журналының бүгінгі балалар атауын да білмейді...

Хош, енді балалар әдебиетінің бүгінгі жай-күйіне келейік. Менің білуімше, қазақ балалар әдебиеті тоқсаныншы жалдардың басында тоқырады. Оның себебі көп. Қоғам ауысты, тұрмыстық тапшылықтың тауқыметі басталды. Кітапханалардың есігін оқырман ашпайтын болды. Бұрын жол үстінде жүретін шопыр мен далада жатқан малшыға дейін қойын-қонышына салып жүріп оқитын әдеби кітаптар сөрелерде тұрып шаң басып қалды. Нарықтың қатаң талабы халықты қос бүйірден қысып, күнкөріс қамы үшін балапан басына, тұрымтай тұсына кетті. Сол аласапыран жанталасқа қаламгерлер де қосылды. Балалар әдебиеті тұрмақ, кейбір үлкен әдебиет өкілдерінің өзі қаламын тастап, қолына ала дорба ұстап базарға шықты. Одан кейін заман түзеліп, әлеуметтік жағдай жөнделген соң да көлеңкеде қалып қойған балалар әдебиетінің жүзіне шуақ түспеді. Соңғы 3-4 жылда ғана аздап көңіл бөліне бастады. Қазақстан Жазушылар одағы да мейлінше балалар әдебиетін жандандыруға күш салып отыр. Аз да болса балалар тақырыбына қалам тартып жүрген ақын-жазушылардың кітаптарын шығарып, қомақты жүлде тағайындап түрлі әдеби байқаулар ұйымдастырып келеді. Бұл да ынталандыру. Алайда, кез-келген балалар жазушысы жүлде үшін емес, кішкентай оқырмандары үшін жазуы керек. Жазған дүниең жас ұрпақтың кәдесіне жарап, ұрпақ тәрбиесіне яки ұлттың келешегіне тамшыдай болса да үлес қосса, жазушы үшін одан басқа бақыт та, мақсат та жоқ. 

Халық батыры Бayыржaн Мoмышұлы: «Мeн өзiнiң нeмepeciнe epтeгi aйтa aлмaғaн aтa мeн әжeдeн, өзiнiң cәбиiнe бeciк жыpын aйтa aлмaғaн aнaдaн қopқaмын» депті. Кеше Бауыржан батырдың өзі қорыққан жайт бүгінде саналы, ұлтжанды барлық қазақтың қорқынышына, тіпті қоғамның қаупіне айналды. Анасы әлдилемеген, әжесінен ертегі естімеген ұрпақтың ертеңі не болмақ? Ал, мен бала үшін емес, бақай есеппен жазатын жазушылардан және баласымен бірге отырып кітап оқымайтын ата-аналардан қорқамын. 

 – Өзіңіз не жазып жүрсіз?

– Қазақ балалар әдебиетінің өзі бірнеше жанрға бөлінеді. Қазірде солардың тақпақ, санамақ, қаламақ, жаңылтпаш, жұмбақ, мазақтама, қызықтама, өтірік өлең, ертегі, әңгіме секілді түрлері ғана жазылып жүр. Мен өзім балалар поэзиясына ғана хал-қадірімше қалам тартып келемін. Балаларға арналған кез-келген шығарма балғын оқырманын елітіп, қуантып, таңғалдырып, қорқытып, сана-сезіміне әсер етуі тиіс. Қазіргі балалардың таным-түсінігін, қалауын, талабын өткен ғасырда өмір сүрген балалармен салыстыра алмайсың. Бүгінгі балалар қолындағы планшеті немесе смартфоны арқылы бүкіл әлеммен танысып алған. Бұрынғы балалардың он жылда жинақтайтын ақпаратын бүгінгі балалар айналасы бір сағаттың ішінде қабылдайды. Алайда, сол дүниелердің көбі баланың миына салмақ түсіріп, мінез-құлқының өзгеріп, денсаулығының бұзылуына әкеп соғуда. Дәрігерлер мен арнайы мамандар таңнан кешке дейін ғаламторды пайдаланатын балалардың психикасында ауытқушылық пайда болғанын айта бастады. Рас, қазіргі балабақша бүлдіршіндерінің өзі қыңыр, ызақор, мейрімсіз. Одан бөлек, бүгінгі жас ұрпақ өз табиғатынан алыстап бара жатыр. Ұлттық таным-түсінігі таяз. Сондықтан мен қазірде ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін этнографиялық өлеңдер жазып жүрмін. Ал, жалпы туындыларымның дені баланың адамгершілік, отаншылдық, елжандылық сезімдерін оятып, олардың бойына адами қасиеттер қалыптастырып, табиғатты қорғауға, мейірімділікке, қайырымыдылыққа тәрбиелейтін шығармалар. Бүгінгі күннің талабы да сол. 

– Шығармаларыңызды өз балаларыңыздың тәрбиесіне қолданасыз ба?

– Керісінше, мені ақын еткен, маған балмұздақтай тәтті өлең жаздырып келе жатқан сол балаларым. Алғашында балабақшаға баратын, төменгі сыныпта оқитын кішкентайларымның ертеңгілігі мен тәрбие сағатына тәрбиешілері мен мұғалімдері жазып берген тақпақтарын жөндеп беріп жүрген едім. Содан келе-келе мұғалімдерден өтініш түсе бастады. Әрине, ұрпақ үшін өтініш айтпай-ақ, бұйрық берсе де орындайсың ғой. Сосын «ақыры қалам ұстап жүрмін, неге балалар әдебиетінің жандануына үлес қоспасқа» деген ойға келіп, тәуекел деп қолыма қалам алдым. Балаларға өлең жазу өте қиын. Сөздерін, ұйқасын айтпағанда, әрбір буын, бунақ, әріптеріне дейін мән беру керек. Баланың тіліне жатық, қабылдауына жеңіл, ойнақы болғаны жөн. Мен жазып жүрген өлеңдерімнің көбіндегі кейіпкерлер – өз балаларым. Олардың күнделікті өзара әңгімелерін, қылықтарын, ойындарын шығармаларыма арқау етемін. Ауладағы балалардың ойындарына қарап отырамын. Тұнып тұрған өмір, мөлдір әлем. Балаларға арнап жазу үшін сол мөлдір әлемге кіру керек. Бала болып жылап, бала болып күліп, бала болып қуанып, бала болып ойнау керек. Ал, сәт сайын бір формадан екінші формаға ауысып отыру қиынның қиыны. Сұрағыңызға нақты жауап: мен өлеңдерім арқылы балаларымды, ал, өлеңдерімнің кейіпкері ретінде балаларым мені тәрбиелеп келеді.  

 – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бір жылда балаларға не беріп үлгеруге болады?

– Былтырғы жылға да «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп ат қойып, айдар тақтық. Алайда, бұл жылы нақты істен науқаншылық басымдау болды. Десе де ел астанасынан бастап, республиканың барлық өңірлерінде көптеген шаралар ұйымдастырылды. Мемлекет қазынасынан қомақты қаржы бөлініп, бірқатар балалар жазушыларының кітаптары жарық көрді. Мәдениет және спорт министрінің және балаларға арнап жазып келе жатқан ақын-жазушылардың басқосуымен жиындар өтіп, балалар әдебиеті төңірегіндегі маңызды мәселелер көтеріліп, талқыланды. Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы да алдағы күндерге жоспар бекітіп, жобалар дайындады. Сол басқосу жиындарда аға буын ақын-жазушылар атаулы жылдың мерзімін ұзарту керектігін айтқан болатын. Расында, отыз жыл бойы тамырына су бармай қуарып тұрған ағашты бір жылдың ішінде жайқалтып жібереміз деген еш қисынға келмейтін әңгіме ғой.

Биылғы жыл да «Балалар жылы» болып жарияланды. Меніңше, бұл жыл тек балалар әдебиетін ғана емес, балаларды жан-жақты қолдау жылы. Бірақ, бүгінгі қоғамда ең алдымен баланың тәрбиесі маңызды. Ендеше, өткен жылды биылғы жылмен сабақтап, балалар әдебиетіне қатысты жоспар-жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар және бұл жоғарыда айтылған ұсыныстарға орай әлі бірнеше жылға созылуы да мүмкін.  

– Балалардың кітапқа қызығушылығын қалай оятамыз?

– Жоғарыда айтып өттім, қазіргі балалардың таным-түсінігі бөлек. Олар ақпараттық ғасырда өмір сүріп жатыр. Көп нәрсе біледі. Бірақ, олардың ғаламтор арқылы танып, біліп, үйренгендерінің тоқсан пайызы өзіне қажетсіз дүниелер. Яғни миына артық салмақ түседі, мінезін өзгертеді, тәрбиесіне де теріс әсер етеді. Баланың көзінде «сүзгі» жоқ, көргенін, оқығанын талғамай санасына сіңіре береді. Мемлекет тарапынан ғаламторға белгілі бір дәрежеде шектеу қойылмайынша немесе ата-ана тарапынан балаға қатаң бақылау болмайынша бұл қазақ қоғамы үшін, тіпті мемлекет үшін түйіні шешілмейтін өзекті мәселе болып қала береді. Азуын айға білеген Американың өзін заманауи технологиясына тәуелді етіп отырған Жапонияның өзінде қазір мектеп оқушыларының 60 пайызының көру қабілеті төмендегенін айтылып жүр. Тәулік бойы қимылсыз монитордың алдында отыратын, тіпті оқулықтарының өзі электронды нұсқаға көшірілген жапондық оқушылар ғаламтордың пайдасынан гөрі зардабын көп тарта бастаған сыңайлы. Сол үшін жапон үкіметі қайтадан кітапханалар жүйесін қалпына келтіріп, қағаз оқулықтар басып шығара бастапты. Расында, қағаз оқулықтардың пайдалануға ыңғайлылығынан бөлек, есте сақтау қабілетін арттырып, көзді жаттықтырады екен. Ал, электронды оқулықтар мен компьютер мониторынан бөлініп шығатын аса зиянды электромагниттік толқындар көз жанарымен бірге есту қабілетін төмендетіп, жүйке талшықтарын да зақымдайтынын мамандар ескертіп келеді. Бірақ, қалай болғанда да ғаламтор желісінің адамзат өркениетінде қызметі жалғаса береді және ол күн өткен сайын жетіліп келеді. Тек біз ұрпаққа соның пайдалы жақтарын ғана сіңіруіміз керек.    

Кітап оқудың және оқытудың белгілі бір ережелері жоқ шығар. Алайда, бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырған соң түрлі әдістерін ойлап тауып, қолдануға болады. Мәселен, мен балалар кітапханасына жиі барамын. Бір барғанда төрт балама жас ерекшеліктеріне қарай 10-15 кітап аламын. Тапсырма беріп, екі қайтара оқытамын және кешке жұмыстан келген соң түсінігін сұраймын. Арасында тәтті кәмпит, балмұздақтармен ынталандырып қоямын. Айына бір-екі рет отбасылық танымдық жарыстар ұйымдастырамыз. Оның да мақсаты баланың кітап оқуға ынтасын оятып, құштарлығын арттыру. Мәселен, кітап кейіпкерлері, қала атаулары, тұрмыстық заттардың атаулары, жеміс-жидек атаулары, аң мен құстардың атаулары және тілдік қолданыстан шығып қалған көнерген сөздер мен тілдік қорымызға жаңадан енген термин сөздерді тауып жарысқа түсетін сайыс ұйымдастырамыз. Сайыс жүлдегерлеріне арнайы түрлі түсті қағазға отбасымызбен түскен фотосуретімізді қойып, безендіріп Диплом дайындаймыз және сабақтарына қажетті оқу құралдары мен ойыншықтар алып, марапаттаймыз. Бұл ойындардың да балаларымыздың кітап оқып, өз бетінше ізденуіне ықпалы зор. 

– «Z» ұрпақты балалар әдебиетімен тәрбиелеу мүмкін бе? Жалпы оларға қандай әдебиет қажет? 

– Ағылшын жазушысы Бернард Шоу: «Біз құс сияқты аспанда ұшуды үйрендік, балық сияқты суда жүзуді үйрендік. Алайда, жердің бетінде адам сияқты дұрыс өмір сүруді үйрене алмадық...», – десе, қазақ ақыны Қадыр Мырза-Әлі: «Өмір сүру жеңілдеп бірте-бірте, адам болу қиындап бара жатыр», – деп жырлайды. Осыдан жиырма жыл бұрын америкалықтар «Валли» деген мультфильм түсіріп, экранға шығарды. Балаларыммен бірге отырып бірнеше мәрте қайталап көріп шықтым. Бас кейіпкер «Валли» деген робот. Жер бетінде сұмдық экологиялық апат орын алып, жер тұрғындары алып кемемен ғарышқа ұшып кетеді. Алайда, олар шексіз кеңістіктен өздері тұрақтап қалатын жер секілді жайлы ғаламшар таба алмай, біршама уақыт әлгі жасанды ауа толтырылған алып шардың ішінде өмір сүреді. Жұмыстарының барлығын роботтар атқарады. Ақыр соңында адамдар құлтемірлерге тәуелді болып қалады. Қозғалысқа түспеген соң адамдардың аяқ-қолдары қысқарып, денелері өзгеріске ұшырайды. Бірақ, өздерінің байырғы мекендерінен үміт үзбей, әлсін-әлсін ғарыш кемелері арқылы Жерге роботтарды жіберіп, бақылап тұрады. Соңында Жерден қала үйінділерінің астында қалып қойған бір тал өсімдік табылып, барлығы қайта оралады. Сол көктеп тұрған бір сабақ өсімдікті егіп, көбейтіп, жер шарын қайта тірілтіп, жаңа өмір бастайды. Мульфильм бала түгіл, ересек адамдардың өзіне үлкен ой салады. Жер шарын сақтап қалу қазір жалпыадамзаттық проблемаға айналып отыр. Жер бетіндегі экологиялық тепе-теңдік бұзылып, жаһандық жылыну басталғанын, соның салдарынан арктикадағы мәңгі мұздықтардың ери бастағанын айтып ғалымдар дабыл қағып келе жатыр. Оған тағы да жерге қатер төндіріп отырған ядорлық соғыстардың қауіпі және табиғи апаттарды қосыңыз. Соның барлығы адамзаттың қолымен жасалып отыр. Ғылым дамыған сайын адамзаттың араны ашылып, жерді қойып, ғарышты да өзара бөліске салып, иелене бастады. Ал, оның соңында не күтіп тұрғанын әзір бізге беймәлім. 

Әлеуметтанушылар әрбір 20 жыл сайын алдыңғысынан ақыл-ойы жағынан ерекшелентін жаңа буын дүниеге келетінін айтады. АҚШ ғалымдары өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап, екі мыңыншы жылға дейінгі үш буынды Х, Ү, Z ұрпақ деп бөліп атап, олардың өздеріне тән ерекшеліктерін зерттеп қойды. Соның ішіндегі соңғысы «Z» буынды ұрпақты «Цифрлы балалар» деп атап та жүр. Олар кітап оқымақ тұрмақ, қимыл-қозғалыстың өзіне жоқ. Уақытының барлығы ғаламторда өтеді. Яғни олар виртуалды әлемде өмір сүреді. Шет мемлекеттерде оларды орта мектепте және жоғары оқу орындарында оқытудың арнайы бағдарламалары да түзілген. Яғни оларға тәрбие беру мен білім сіңірудің әдісі басқа. Ұрпақтың заман талабына бейімделгені де дұрыс шығар. Алайда, адамзат баласы үшін ең керегі – адамдық болмыс. Егер адам өз болмысын, мейірім дейтұғын асыл қасиеті сақталатын жүрегін жоғалтып алса, басына жиған дүниенің бәрі зая. Одан соң басына жиғаны зұлымдықтың пайдасына жұмсалады. Тіпті біз енді бірер жылда «Z» буынды балаларды фантастикалық жанрда жазылған кітаптармен де қызықтыра алмауымыз мүмкін. Өйткені, олар оқымайды, тек көретін ұрпақ. Ендеше, біздің алдымызда темірге тәуелді «Z» ұрпақ емес, жүрегі бар мейірімді ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Өркениет деген адамдардың жайлы тұрмысы немесе бір-бірін қуатты зымырандармен атқылап, аса қатыгездікпен аяусыз қыруы емес. Бернард Шоу айтқандай, біз адам қалпымызға қайта оралуымыз керек. Одан басқасының бәрі бекер. Сондықтан біз бүгінгі «Z» ұрпақтың жүрегін сақтап қалуымыз үшін оларға әдеби кітап оқытудың барлық әдіс-тәсілін қарастыруға тиіспіз. Өйткені, адами құндылықтардың жиынтығы фантастикалық кітаптарда емес, әдеби шығармаларда.

– Балалар жылына сіздің ұсынысыңыз?

– Жоғарыда айтқанымдай, биылғы атаулы жыл тек балалар әдебиетіне ғана арналып отырған жоқ. Дейтұрғанмен біздің міндетіміз ең алдымен ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Ал, ол үшін балалардың ұлттық рухын оятатын жаңа шығармалар жазылуы тиіс. Мәселен, былтыр «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына» орай жазушы Сәуле Досжанның «Біртуар» деген кітабы жарық көрді. Кітапта қазақтан тұңғыш шыққан Олимпиада чемпионы, грек-рим күресінің палуаны Жақсылық Үшкемпіровтың үлкен спорт жолындағы қиындықтары, күреске толы ғұмыры және жетістіктері тартымды суреттеледі. Оқырман жылы қабылдады. «Уникальный» деген атпен орыс тілінде де жарық көрді. Ал, биыл Түркияда аталған кітаптың таныстырылымы өтіп, түрік тіліне аударылды. Сонымен бірге былтыр атаулы жыл аясында балалар ақыны Серікбол Хасанның балабақша бүлдіршіндеріне арналған «Әкесінің қызы» атты өлеңдер жинағы шықты. Міне, осындай кітаптардың биыл да қатарын көбейтіп, мектеп оқулықтарына да енгізсе деген ұсынысым бар.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы