ҚТЖ шаттл-пойыздармен Түркияға гуманитарлық жүк жеткізеді

11 Сәуір 2023, 22:28
592
Бөлісу:
ҚТЖ шаттл-пойыздармен Түркияға гуманитарлық жүк жеткізеді
Фото: sknews.kz

Қытайдан Түркияға гуманитарлық жүк тиелген 200 контейнер «Қазақстан темір жолының» шаттл-пойыздарымен жеткізіледі. Ол жерде зілзаладан зардап шеккендерге қажетті шатырлар бар. Жүкті жедел жеткізу – Мемлекет басшысының тапсырмасы, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан қиындыққа тап болған бауырлас Түрік еліне алғашқы күннен-ақ көмек беріп келеді. Жер сілкінісі салдарынан жүздеген мың адам баспанасыз қалды. Гуманитарлық жүктің алғашқысы бізден кетті. Яғни, 75 тоннаға жуық ең қажетті заттарды жөнелттік. Енді «Қазақстан темір жолы» гуманитарлық жүк тиелген контейнерлерді Қытайдан Түркияға жеткізуге көмектеспек.

ТХКБ бағыты бойынша Қазақстан арқылы Қытайдан Түркияға шаттл-пойыздармен гуманитарлық жүктері бар 200 контейнер жеткізіледі. Қазақстан арқылы жедел жеткізу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды. Қазақстан аумағы бойынша пойыз рекордтық қысқа мерзімде – 90 сағатта жүріп өтеді, - дейді «KTZ Express» АҚ бас директорының логистика жөніндегі орынбасары Айбек Қапар.

Контейнер тиелген алғашқы пойыз Ақтау портына ертең келеді. 50 контейнерде баспанасыз қалған азаматтарды уақытқа орналастыруға арналған шатырлар бар. Одан соң тағы 150-і жіберіледі.

Қазақстан аумағы арқылы жүк Каспий теңізіне (Ақтау порты), одан әрі Әзірбайжан, Грузиядан Мерсин қаласына (Түркия) дейін жеткізіледі. Бұл тасымалдауды ТХКБ қатысушы тараптар Түркияға гуманитарлық көмек көрсету шеңберінде өтеусіз негізде жүзеге асырады, - деді «KTZ Express» АҚ бас директорының логистика жөніндегі орынбасары Айбек Қапар.

Логистикалық бағыттар өзгеріп жатқанда біздегі теміржолдың жүктерді жедел жеткізу мүмкіндігі артты. Мысалы, Қытайдан Грузия порттарына дейін жүк тасымалдау уақыты үш есеге қысқарды. 18 тәулікте жеткізуге болады. Ал, Түркияға 25 күнде барады.

Өзгелердің жаңалығы