Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі хусит жасақтарының Сауд Арабиясындағы азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасаған әрі адам шығынына әкеп соққан шабуылдарды қатаң айыптады.
Мұндай шабуылдарға гуманитарлық тұрғыдан жол беруге болмайды. Олар халықаралық құқық нормаларын бұзады. Бұл әрекеттер Йемендегі ахуалды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігерге нұқсан келтіріп, қақтығысты саяси жолмен реттеуге кедергі келтіреді, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы шабуылдарды дереу тоқтатуға және дағдарысты тек саяси-дипломатиялық құралдар арқылы шешуге шақырды.
Қазақстан Сауд Арабиясы Корольдігімен ынтымақтастық танытып, оның БҰҰ Жарғысына сәйкес өз егемендігі мен қауіпсіздігін қорғауға құқылы екенін растайды, - деді ҚР СІМ.