Қостанайда «Қостанай жылқысына» арналған бәйге мәреге жетті

22 Мамыр 2022, 09:29
2577
Бөлісу:
Қостанайда «Қостанай жылқысына» арналған бәйге мәреге жетті
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный ауылында орналасқан «Арғымақ» ипподромында биылғы жылдың ат спорты маусымының ашылу салтанатты өтті. 

«Бұл әнім бұрынғылардан өзгерек» дегендей биылдан бастап Тобыл өңірінде өтетін  аузымен құс тістеген сәйгүліктердің жарысы «Қостанай жылқысы-қазақтың қазанаты» деген ерекше атаққа ие болды. 

Қостанайда «Қостанай жылқысына» арналған бәйге мәреге жетті

«Арғымақта» өткен бұл жолғы республикалық аламан ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толу құрметі мен «Балалар жылына» арналғанын айта кеткен жөн.

Талай көрерменнің делебесін қоздырып, тақымдарын қыстырған дүбірлі доданың көркін келтіруге облыстың әр аудандары мен қалаларын қоспағанда, көршілес Солтүстік Қазақстан, Ақансеріден қалған құлагердің жұрнағындай болған Ақмола, самал ескен Сарыарқаның төсіндегі Қарағанды, тектілердің мекені Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан келген сәйгүліктер жарыстың көркін аша түсті.

Қостанайда «Қостанай жылқысына» арналған бәйге мәреге жетті

Аламан барысында соңғы жылдардағы COVID-19 індетінің таралуына байланысты шектеу шараларынан бәйгені сағынған халықтың ықыласын анық сезіндік. Оны шелектеп құйып тұрған жауынға қарамастан бәйгенің соңы алманды күткен жанкүйерлердің санынан байқадық. «Арғымақ» атшабарында ине шаншыр жер болмады.

Қостанайда «Қостанай жылқысына» арналған бәйге мәреге жетті

Өздеріңізге белгілі, былтырдан бастап екі ғасырға жуық тарихы бар «Қазақ тұлпары» жылқы зауатындағы «Қостанай жылқысы» тұқымын сақтап қалуда кешенді шаралар қолға алынып жатыр. Солардың бірі – бүгінгі ат спортының маусымының ашылуы «Қостанай жылқысы - қазақтың қазанаты» деп аталу бекер емес, - дейді «Қазақ тұлпары» зауытының директоры Айгүл Амандықова.

Расында, бұл жолғы бәйгеге қосылған арғымақтардың арасында Қостанай қазанатына барынша назар аударылды. Содан болар «Қостанай жылқысы» тұқымынан шыққан арғымақтар 1000, 1800 метр ұшқыр және 5 шақырымдық құнан бәйге мен 18 шақырымдық аламанда жеке бақ сынады. Осынау бәйгенің сыртында аралас тұқымдылардан 4 шақырымдық құнан жарыс пен 16 шақырым қашықтықтағы аламан да тартысты өтті.

Қостанайда «Қостанай жылқысына» арналған бәйге мәреге жетті

Пандемияға байланысты екі жылдай бәйге өтпей, халқымыз бәйгені сағынып қалыпты. Ауа райының қолайсыздығына қарамай, халық көп жиналды. Жарыстар жоғары деңгейде өтіп жатыр. Көрші облыстардан да ат бәйгесіне жүйріктер келді. Ең маңыздысы Қостанай жылқы тұқымының бәйгесін жеке жасадық. Бұл шараны ұйымдастыруға Ұлттық спорт фондынан қаржылай қолдау көрсетілді. Облыстық әкімшілігі атынан аламан бәйгеге автокөлік тігілді. Тойымыз тойға ұласа берсін, - дейді Қостанай облыстық бойынша ат-спорты түрлері федерациясының вице-президенті Нұрбол Әбдрахманов. 

Сонымен бабы мен бағы қатар шауып аты бәйгелі болғандар жүлделі орындарды келесідегідей бөліп алды.

Қостанай тұқымды құнандар арасындағы 1000 м қашықтықтағы ұшқыр жарыс: 

І орын Берен (шабандозы Ринат Ертас), ат иесі Ұлттық ат спорты түрлерінен балалар мен жасөспірімдер мектебі (Заречный)

ІІ орын Коржик (шабандозы Матвей Ватюков), ат иесі Ғани Қыпшақбаев.

ІІІ орын Рассул (шабандозы Мария Кариева), ат иесі «Қазақ тұлпары» Қостанай жылқы зауыты. 

Қостанай тұқымды құнандар арасындағы 1800 м қашықтықтағы ұшқыр жарыс: 

І орынды Гүлжайна (шабандозы Ескендір Белдібаев), ат иесі Нұрбол Әбдрахманов; 

ІІ орын Графиня құнаны (шабандозы Любовь Куралина), ат иесі Александр Рудольф (Қарабалық ауданы).

ІІІ орын Фандера (шабандозы Мерей Исин), ат иесі «Қазақ тұлпары» Қостанай жылқы зауыты. 

Қостанай тұқымды құнандар арасындағы 5000 м қашықтық: 

І орын Қызғалдақ (шабандозы Нұрасыл Ахметов), ат иесі Арман Еспергенов (Жітіқара ауданы).

ІІ орын Қарлығаш (шабандозы Шыңғыс Сайлаубеков) ат иесі Абылай Алшымбаев (Ақмола облысы).

ІІІ орын Бүркіт (шабандозы Вячеслав Курдюков), ат иесі Мұқан Найымбеков (Қарабалық ауданы). 

Аралас тұқымды құнандар арасындағы 4000 м қашықтық:

І орын Керемет, Ақмола облысы (шабандозы Шыңғысхан Сайлаубай);

ІІ орын Жұлдыз, Батыс Қазақстан облысы (шабандозы Арыстанбек Қуандық).

ІІІ орын Фаворт, Заречный (шабандозы Нұрасыл Ораз). 

Аралас тұқымды жуан аттар арасындағы 16000 м қашықтық: 

І орын Тойдуман, Ақмола облысы (шабандозы Тимур Харитон).

ІІ орын Кендибор, Қостанай ауданы, (шабандозы Берік Қалдыбек).

ІІІ орын Ақмоншақ, Ақтөбе облысы (шабандозы Иман Ахметов).

Қостанай тұқымды жуан аттар арасындағы 18000 м қашықтық: 

І орын Занзибара, Ақмола облысы (шабандозы Тимур Харитон, ат иесі Әділет Тасмағамбетов)

 ІІ орын Алғыр, Қарағанды облысы (шабандозы Әлихан Қайыржан, ат иесі Бүркіт Серікбеков).

ІІІ орын Бәйтерек, Ақмола облысы (шабандозы Дамир Данияр, ат иесі Әділет Тасмағамбетов).

Заречныйді дүбүрлеткен тұлпарлардың тұяғының дауысынан бөлек, ежелден келе жатқан «Қыз қуу», «Аударыспақ», «Көкпар» ойындары да назардан тыс қалмады. 

Аударсыпақ ойындарында Рүстем Жүгінісовке шақ келген ешкім болмаса, Дамир Әлкеев екінші, Айдос Жұмағұлов үшінші орындар иеленді. Қостанай мен Денисов аудандарының командалары бақ сынаған көкпардай тақымы мықты жігіттердің сайысында Тобыл ойыншылары оқ бойы озық болды.

Өзгелердің жаңалығы