Қостанайда перзентхана да, балалар ауруханасы да жоқ: Облыстың басты медициналық нысандарының жайы не болды?

Екі ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары қайта-қайта түзетіліп жатыр, перзентхана аумағын қоқыс басқан, ал балалар ауруханасының ғимараты санитарлық талаптардан «артта қалған».

 ©BAQ.KZ/Асқар Кенжетаев Бүгiн 2026, 14:49
Бүгiн 2026, 14:49
124
Фото: ©BAQ.KZ/Асқар Кенжетаев

Қостанай облыстық перзентханасының ғимараты денсаулық сақтау саласындағы тағы бір даулы ұзақ құрылыстың қатарына айналып барады. Өңірде алты жылдан бері елге жағымсыз аты шыққан балалар облыстық ауруханасын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі шешілмей келе жатқанда, қаланың екінші шетінде тұрғындар үшін маңызы кем емес тағы бір нысан бос тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Екі медициналық мекемені пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Осы уақыт ішінде соңғы 25 жылда жөндеу көрмеген перзентхана тозып барады, ал бірнеше жыл жылусыз қалған балалар облыстық ауруханасының ғимараты үшін жаңа жоба қажет болып отыр. Біз өңірдегі осы екі даулы медициналық нысанның жөндеу жұмыстары туралы бүгінгі жағдайды анықтауға тырыстық.

Қаржы мен мердігер іздеген жылдар

Қостанай облыстық ауруханасының құрамындағы №3 корпус – перзентхана орналасқан ғимаратты жөндеу мәселесі пандемия кезеңінен бері созылып келеді. 2020 жылы індет өршіп тұрған шақта бұл корпус инфекциялық госпитальға айналдырылып, ковидпен ауырған науқастарды емдеуге пайдаланылды. Ол кезде көпшілік бұл шешімге таңғалған – жаңа инфекциямен күресетін басқа орын табылмады ма деген сұрақ туындаған. Денсаулық сақтау басқармасы ол кезде бос ғимарат іздеуге уақыт болмағанын, ал перзентхана барлық қажетті жабдықпен қамтамасыз етілгенін, ең бастысы – науқастарды шұғыл емдеу қажет болғанын айтқан.

Екі жылдан кейін пандемия аяқталған соң босанатын әйелдерді №3 корпусқа қайта көшірмеді, себебі ғимараттың жағдайы жөндеуді талап ететіні анық болды. Сол кезде перзентхана 1993 жылы ашылғаны, ал соңғы рет 2000-жылдардың басында ғана жаңартылғаны белгілі болды.

2022 жылы да, 2023 жылы да бұл нысанды жөндеуге бюджеттен қаржы табылмады. Тек 2024 жылдың басында ішкі жұмыстарға 1 млрд теңге қарастырылды, ал сыртқы келбетін жаңарту жоспарға енбеді. Бірақ мердігер табу қиынға соқты. Тек 2024 жылдың қыркүйегінде ғана Қарағандыдағы «Rakada Group» ЖШС таңдалды. Бұл компания өткен жылы Арқалықтағы перзентханаларды жөндеген, сол кезде де нысанды уақытында тапсыруда қиындықтар болған.

Қостанайда компания жұмысшылары істің жартысынан көбін аяқтағанымен, кейін жөндеу тоқтап қалды. Осы аралықта босану қызметі уақытша көрші орналасқан қалалық перзентханаға көшірілді.

Қоқысқа айналып бара жатқан аумақ

Жөндеу 2025 жылдың маусымында аяқталады деп уәде берілген еді. Алайда ғимарат әлі күнге дейін пайдалануға берілген жоқ. Өткен жылдың қыркүйегінде жөндеу тек тапсырыс беруші – облыстық аурухана мен мердігер арасындағы сот дауына байланысты қайта жанданды. Бірақ бұл да тоқтап қалудың алдын алмады.

Қазір ғимарат ішінде таза бөлмелер кешені, ауа алмасу жүйесі, жаңа пластик панельдер мен лифтілер орнатылған. Бірақ нысан қашан толық аяқталатынын ешкім нақты айта алмайды.

Кіреберіс аумағы әлі де құрылыс қалдықтарына толы. Ғимараттың сырты бұрынғыдан да тозып кеткен, кей жерінде плиткалар құлаған. Ал айналасы біртіндеп қоқыс алаңына айналып барады.

Нысанды тапсыруға үлгермедік. Тапсырыс беруші бізбен жасалған келісімшартты бұзды, – деді «Rakada Group» ЖШС басшысы Жәнібек Әбікаев.

Ол толық ақпаратты кейін беруге уәде еткенімен, кейінгі қоңырауларға жауап бермеген.

Жоба түзетуде, шенеуніктер қамауда

Өткен жылдың соңында облыстық перзентхананың мерзімінде тапсырылмауы мәселесі денсаулық сақтау басқармасында қаралған.

Сол кезде қарағандылық мердігермен келісімшарт бұзылғаны, ал жобалық-сметалық құжаттардың қайта қаралып жатқаны айтылды. Екі жыл бұрын дайындалған жобаны қанша уақыт түзететіні және оған қанша қосымша қаражат қажет болатыны нақты айтылмады.

Көп ұзамай бұл жобаны қадағалаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Доспановтың қамауға алынғаны белгілі болды.

Алдын ала дерек бойынша, келтірілген шығын көлемі шамамен 2 млрд теңгені құраған.

Қазіргі уақытта Джандаев пен Доспанов әлі де қамауда отыр. Бұрынғы шенеуніктерге қатысты істің егжей-тегжейі жария етілмейді.

Осыған байланысты BAQ.KZ тілшісі перзентхана жөндеуінің ұзаққа созылуы туралы пікір алу үшін жаңа орынбасар Әлімжан Мирмановқа жүгінді.

Бұл қызметке келгеніме бірнеше күн ғана болды, жағдайды толық білмеймін. Тікелей басшыға хабарласыңыздар, – деді ол.

Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркебұлан Баязитовпен байланысу да мүмкін болмады: ол қоңырауларға жауап бермей, хатшы арқылы бос емес екенін жеткізген.

Баға қымбат, ғимарат бос тұр

Балалар облыстық ауруханасының жағдайы одан да күрделі. Бұл нысанды күрделі жөндеу 2020 жылы 1,2 млрд теңгеге басталған. Бірақ арада екі жыл өткенде мердігер – «Вершина» ЖШС қосымша қаржы талап ете бастады.

Мәселе 2023 жылы сотта қаралып, мердігердің талабы қанағаттандырылды. Сол кезде облыс әкімі Құмар Ақсақалов ғимаратты қарап, жөндеу жұмыстары аяқталды деп мәлімдеген. Нысан 2023 жылдың соңына дейін тапсырылады делінгенімен, бұл орындалмады.

2024 жылы тағы бір дау шықты. Мердігер ағымдағы жөндеу үшін қосымша 1,5 млрд теңге талап етті. Бұл сома бастапқы күрделі жөндеуден де асып түсті. Қаражат желдету жүйесін қайта жасау және басқа да жұмыстарға қажет болған. Алайда шу шыққан соң бұл қаражат бөлінбей, нысан тағы да тоқтап қалды. Кейін келісімшарт сот арқылы бұзылды.

2025 жылдың тамызында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Джандаев қамауға алынды. Іс әлі тергеліп жатыр.

Осы жылдың наурыз айының соңында балалар ауруханасын жөндеу кезінде кейбір жұмыстардың құны негізсіз өсірілгені белгілі болды. Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс нәтижесінде қаржылық заңбұзушылықтар анықталған.

Сәуір айының басында облыс әкімдігі бұл жағдайды бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың мысалы деп мойындады.

Балалар ауруханасы қашан ашылады?

Перзентханаға қатысты нақты айтылғаны – жобалық-сметалық құжаттар ескірген, қайта қарау қажет. Ал балалар ауруханасына қатысты шенеуніктер тіпті нақты жауап беруден қашқақтайды.

Өткен жылдың маусымында құрылыс басқармасы жаңа жобалық-сметалық құжат дайындалып жатқанын, жақында мемлекеттік сараптамаға жіберілетінін айтқан еді. Жаңа жоба қайта жаңғыртуға арналған, ал бұрынғысы тек күрделі жөндеуді қамтыған.

Содан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, қайта жаңғырту жұмыстары басталған жоқ.

Алдыңғы жоба мемлекеттік сараптамадан өтпеді. Сондықтан жаңасын әзірлеуге тура келді. Жаңа жоба екі апта бұрын сараптамаға жіберілді. Шамамен бір жарым айда қорытындысы шығады. Бұл жолы оң нәтиже болады деп үміттенеміз, – деді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Лидия Беленко.

Оның айтуынша, оң қорытынды шыққаннан кейін бюджеттен қаржы қарастырып, мердігерді конкурс арқылы анықтау қажет болады. Сондықтан нақты қашан құрылыс басталатыны белгісіз. Бірақ биыл бастауға үміт бар.

Біз үш жыл бұрын пайдалануға дайын болған ғимаратта тағы қандай жұмыстар қажет екенін де сұрадық.

Жұмыс көп. Есіктерді кеңейту керек, желдету жүйесін қайта жасау қажет, инженерлік желілерді жаңарту керек. Ғимарат бос тұрған уақытта санитарлық талаптар өзгеріп кетті, бұрын жасалған жұмыстар соған сай келмейді, – деді Лидия Беленко.

Сонымен қатар бірнеше жыл бойы ғимарат жылытылмағандықтан, ішкі әрлеу жұмыстары да бүлінген. Бұл жұмыстарға қанша қаржы қажет екені әзірге есептелмеген. Бірақ құрылыс басқармасы бастауға жеткілікті резерв бар екенін айтты.

Қысқасы, перзентхана да, балалар ауруханасы да қашан жөнделіп бітетіні белгісіз күйінде қалып отыр. Уақыт өткен сайын ғимараттардың жағдайы нашарлап барады, ал жауапты тұлғалардың беделі төмендей түсуде.

Наверх