Қарабалық аудандық соты Қостанай облысындағы фитосанитариялық бекетте болған сыбайлас жемқорлық ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс материалдарына сәйкес, облыстық фитосанитариялық бақылау бөлімінің екі бас маманы жүк көліктерінің жүргізушілерінен карантиндік өнімді тексерусіз өткізу үшін жүйелі түрде 2 мыңнан 20 мың теңгеге дейін пара алып отырған. Барлығы — 13 жүргізуші іс бойынша айыпталды.
Сот барлық қатысушыларды кінәлі деп танып, әртүрлі жаза тағайындады. Инспекторлар мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды, сондай-ақ олардан алынған пара сомасы мемлекет пайдасына өндірілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушының ұсынысы негізінде ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетіне сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жеке қаулы жолданды.
Аталған үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.