Ақмола облысының полицейлері Қосшы қаласындағы кәсіпорындардың бірінен аса ірі көлемде ақша қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 2023–2025 жылдар аралығында жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қаражаты заңсыз иемденіліп, кейін үшінші тұлғаларға тиесілі ұйымдардың есепшоттарына аударылған.
Келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі шамамен 25 млн теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта тергеу аясында қажетті тергеу және процессуалдық іс-шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ тиісті сот сараптамалары тағайындалып, қаржылық құжаттар мен ақша қаражатының қозғалысы жан-жақты зерттеліп жатыр.
Полицияның мәліметінше, қылмысқа қатысы болуы мүмкін барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тергеу жалғасуда.