Қосшы қаласының прокуратурасы полиция бөлімі және төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп, «Қауіпсіз жағалау» профилактикалық акциясы аясында қала аумағындағы суға түсуге тыйым салынған орындарда рейдтік және түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауын қамтамасыз ету, жазатайым оқиғалардың алдын алу, тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және су айдындарындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Рейд барысында тұрғындарға су айдындарында қауіпсіздік қағидалары түсіндіріліп, рұқсат етілмеген орындарда суға түсудің қауіптілігі туралы жадынамалар таратылды. Сонымен қатар, ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара нәтижесінде су айдындарында қауіпсіздік талаптарын бұзған азаматтарға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364 және 412-баптарына сәйкес әкімшілік жауаптылық шаралары қолданылды.
Қосшы қаласының прокуратурасы азаматтарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, тек арнайы жабдықталған орындарда ғана шомылуға және балаларды су айдындарында қараусыз қалдырмауға шақырады.