Қошқар көтеру. Шеберлер ауылы. Ертіс жұрты Әз-Наурызды қалай тойлады

22 Наурыз 2024, 16:23
421
Бөлісу:
Қошқар көтеру. Шеберлер ауылы. Ертіс жұрты Әз-Наурызды қалай тойлады
Фото: автордан

Ертіс өңірінің халқы Әз-Наурызды кеңінен атап өтіп жатыр. Көктемнің жарқын мерекесінде павлодарлықтар игі дәстүр бойынша орталық жағалауға ағылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Бүгін облыстың қалалары мен аудандарында 200-ден астам ақшаңқан киіз үй тігілді.

Облыстық мәдениет басқармасы өкілдерінің айтуынша, биылғы «Наурызнама» концепциясы бойынша ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға басымдық берілді.

Қошқар көтеру. Шеберлер ауылы. Ертіс жұрты Әз-Наурызды қалай тойлады

Осы күні қалалар мен аудандарда 50-ден аса ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіледі. Мысалы, Наурыз бата, наурыз жыр, наурыз жұмбақ, қыз ұзату, қыз айттыру, сырға салу, босаға майлау және тағы басқалары. Орталық жағалауда алты киіз үйде тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды. Концепция аясында ертең - «Тазару» күні. Наурызнаманың қорытынды күні жаңа жылды тұтас ел болып жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өткізуді жоспарлап отырмыз.Өңірлер арасында «Тазалық эстафетасын» бастап, суат көздерін, аулаларды қардан және қоқыстан, оның ішінде мерекеден кейінгі қалдық заттардан тазалау іс-шаралары ұйымдастырылады, - дейді мәдениет басқармасының басшысы Медет Тауасқан.

Қазақтың ұлттық құндылықтары, қолөнері мен халық ауыз әдебиетімен танысқысы келген халайық тақырыптық көрмелерге асықты. Әсіресе, «Шебердің қолы ортақ» киіз үйіне кіріп, шеберлердің бұйымдарын көргісі келетіндердің қарасы қалың. «Ертіс өңірінің қорғандары» атты көрмені археолог-ғалымдар өткізді. Ә. Марғұлан атындағы археологиялық кешенінің зерттеушілері облыс аумағында жүргізілген қазба жұмыстары, тарихи ескерткіштер мен орта ғасырларға тиесілі қорғандар туралы ақпарат берді. Кез келген азаматк киіз үйге кіріп, тарихи деректерге қанық болды.

Қошқар көтеру. Шеберлер ауылы. Ертіс жұрты Әз-Наурызды қалай тойлады

Бүгін Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі шеберлер көрмесін ұйымдастырды. Бұл шарада Ертіс-Баян өңірінде ұлттық өнерді дамытып жүрген азаматтардың қолынан туған дүниелер қойылды. Олардың қатарында темір, ағаш шеберлерінің өнері паш етілді. Павлодарлық Базарбай Рақымжанов металлдан жасаған «Бүркіт», «Мерген қыз» туындыларын алып келді, - дейді музейдің көпшілік бөлімінің жетекшісі Жеңісбек Қадырұлы.

Ұлыстың Ұлы күні орталық жағалауда 15 тақырыптық алаң орнатылды. Көктем нақыштары, түрлі фотозоналар, түскиіздер қабырғалары мен шығыстық базар мерекенің көрігін қыздырды. Ертіс жағасындағы алаңға мыңдаған қала тұрғыны мен қонақтар жиналды.

Қошқар көтеру. Шеберлер ауылы. Ертіс жұрты Әз-Наурызды қалай тойлады

Ал спортсүйер қауым ұлттық спорт түрлері бойынша өткен жарыстарда жиналды. Атап айтқанда, мықты жігіттердің 120 келілік қошқарды көтеруі тартысты сәттерге толы болды.

Игі дәстүр бойынша үш минут ішінде қошқарды ең көп көтерген жігіт жануарды сыйлыққа алады. Білектің күшін көрсетуге 50-ге жуық ер азамат бел буды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл - бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Соңғы жылдары «Қошқар көтеру» сайысы танымалдыққа ие. Жігіттеріміз аудандардан аранйы келіп, қатысып жатады. Ішінде кәсіби және әуесқой спортшылар көп. Біз байқау талаптарының орындалуын қатаң бағалаймыз. Бұған дейінгі байқауда қойдың салмағы елу келіден аспайтын. Ал осы жолы демеуші нағыз қошқарды сыйға тартты. Бас жүлде ретінде осы қошқар тігілді, - дейді ұйымдастырушылар.

Нәтижесінде қошқарды 64 рет көтерген Темірлан Оспанов жеңімпаз атанды. Павлодарское ауылының тұрғыны кәсіби спортшы емес, тек үй жағдайында әуесқой спортшы ретінде жаттығады екен.

Ал қошқарды 44 және 33 рет көтеріп, бақ сынаған қос азамат екінші және үшінші орындарды місе тұтты.

Қошқар көтеру. Шеберлер ауылы. Ертіс жұрты Әз-Наурызды қалай тойлады

Денсаулық үшін спортпен шұғылданамын. Қошқар көтеру жарысына жыл сайын қатысамын. Ауылда қой шаруашылығымен айналысамын. Бірақ, менің қойларым бұл қошқар сияқты ірі емес. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын, - дейді Темірлан Оспанов.

Ұлық мереке облыс орталығына қарасты ауылдарда да дүркіреп өтті. Жергілікті кәсіпорындар мен мекемелердің атсалысуымен 19 этноауыл бой көтерді. Әр киіз үй ұлттық нақышта безендіріліп, көктемнің келгенін жеткізгендей болды.

Қошқар көтеру. Шеберлер ауылы. Ертіс жұрты Әз-Наурызды қалай тойлады

Күн мен теңесіп, табиғаттың жаңаруын әспеттеген мерекеде танымал әншілер павлодарлықтарға ән мен биден шашу шашты. Халқымыздың сүйікті әншісі, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен Қайрат Нұртас мерекенің хедлайнеріне айналды. Қос өнерпаз Павлодар халқына жылы лебіздерін көрсетті.

Бақыттың болыңыздар! Мереке құтты болсын. Осы күні Павлодар қаласына келгеніме қуаныштымын. Шақырғандарыңызға мың алғыс. Жүзеріңізден күлкі кетпесін, аспанымыз ашық болсын! Мен сіздерді жақсы көремін, - дейді Қайрат Нұртас. Бұл тілекке Роза Рымбаева да қосылды.

Әр кәсіпорын мен мекемелердің барлығы мейрамды атап өтуге үлес қосты. Облыстағы қылмыстық-атқару жүйесінің құрылымдары да атсалысты.

Қошқар көтеру. Шеберлер ауылы. Ертіс жұрты Әз-Наурызды қалай тойлады

Мәселен, түзеу мекемелерінде «Ең үздік киіз үй» байқауы өтті. Жазасын өтеушілер қолдағы заттарды пайдаланып, киіз үй жасады.

Байқауға тоғыз отряд қатысты. Әрқайсысы өздерінің бұйымдарын көрсетті. Киіз үйлер картон, сым, гипс, қағаз, киіз бен ағаштан жасалды. Сотталушылардың бірі киіз үйдің макетін паш етсе, екіншілері ішкі бұйымдарға көңіл бөлді. Олар байқауғы екі апта бұрын дайындала бастады. Біз жасалу шеберлігі мен идеяға мән бердік. Нәтижесінде киіз үйді таза ағаштан жасаған отряд жеңіске жетті. Біз оларға сыйлық ретінде кеңсе тауарлары мен гигиеналық заттар жиынтықтарын тарту етті, - дейді №45 түзеу мекемесі бастығының орынбасары Арман Жүсіпов.

Наурыз мерекесіне орай өңірде бас-аяғы екі мыңнан астам шара ұйымдастырылды.

Өзгелердің жаңалығы