Қошанов: 2022 жыл мемлекеттің басқару жүйесін жаңғыртқан жыл болды

19 Қаңтар 2023, 22:34
1358
Бөлісу:
Қошанов: 2022 жыл мемлекеттің басқару жүйесін жаңғыртқан жыл болды

Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Айтуынша, еліміз тағы бір тарихи белестен өтті. 

Бүгін Парламент Мәжілісінің VII шақырылым депутаттарының өкілеттігі аяқталды. Бұл да бір тарихи белес. Президент қыркүйек айында бүкіл электоралдық циклді ашық түрде жариялағанын білесіздер. Соған сәйкес, былтыр Президент сайлауы, кеше ғана Сенат сайлауы өтті. Енді Мәжіліс пен мәслихаттардың қайта жасақталуы – заңдылық. Осылайша, елдегі конституциялық реформалар жалғасады, саяси институттар жаңарады. Біздің мемлекетіміз де, қоғам да өзгеріп жатыр. Жаңа дәуірге қадам басып отырмыз. Сондықтан, Мемлекет басшысының бүгінгі шешімін толық қолдаймыз, - деп атап өтті Мәжіліс спикері. 

Сонымен қатар ол Мәжілістің бұл шақырылымының мерзімі қысқа болғанымен, қызметі сапалы болды деп есептейді. 

Осы шақырылымның мерзімі қысқа болса да, қызметі сапалы әрі мазмұнды болды деп ойлаймын. Біз халқымызбен, қоғаммен, әр азаматпен мейлінше ашық, тығыз қарым-қатынас орнатуға тырыстық.  Барлық мәселеде конструктивті, белсенді жұмыс істедік. Депутаттар өңірлерде туындаған проблемалардың, қызып тұрған мәселелердің бел ортасында жүрді. Маңызды конституциялық заңдарды қабылдадық. Мемлекетте түбегейлі институционалдық өзгерістер болды. Біз Президентіміздің Мәжіліске жүктеген міндеттері мен тапсырмаларын толықтай орындадық. Ең бастысы, әлеуметтік сала заңнамалық тұрғыда толықтай қамтамасыз етілгенін айтуымыз керек, - деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар Мәжілісте өзекті мәселелердің көтерілгенін алға тартты. 

Мәжіліс қабырғасында парламенттік тыңдау өткізуді дәстүрге айналдырдық. Соның екі отырысы қасіретті қаңтар оқиғасына арналды. Жұртшылықты толғандырып жүрген өзекті сұрақтарға ашық жауап берілді. Әрине, бұл оқиға – тәуелсіздік тарихындағы ауыр сынақ. Сол қиындықтарды бүкіл ел болып, Президентімізбен  бірге еңсердік. Бұл мемлекет үшін үлкен бетбұрыс кезеңіне айналды. Бір сөзбен айтқанда, 2022 жыл мемлекеттің басқару жүйесін жаңартып-жаңғыртқан, тұтас қоғамның болмыс-бітімін түпкілікті өзгерткен уақыт болғаны сөзсіз. Баршамыз мемлекетіміздің игілігі үшін бірге жұмыс істедік. Осы орайда Мәжіліспен тығыз байланыста болған журналистер қауымына, қоғам белсенділеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз, - деді ол.

Сондай-ақ сынның да айтылғанын жоққа шығармады. 

Жасыратыны жоқ, осы құрамға біраз сын да айтылды. Біз сол сын-ескертпелерден қорытынды шығарып, жұртшылықтың үмітін ақтауға барынша күш салдық. Бізге сенім артқан сайлаушыларға, жалпы халқымызға деген алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да Мемлекет басшысының реформаларын табысты жүзеге асыруға күш саламыз. Енді алдымызда азаматтардың тұрмысын түзеп, әл-ауқатын жақсарту міндеті тұр. Барлығымыз осы мақсат жолында жұмылуға тиіспіз, - дейді Қошанов. 

Өзгелердің жаңалығы