Қорық аумағында ақбөкен аулаушылар ұсталды

16 Қаңтар 2023, 19:47
6743
Бөлісу:
Қорық аумағында ақбөкен аулаушылар ұсталды

Жамбылдық полицейлер қорық аумағында ақбөкен аулаушыларды ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мойынқұм ауданының табиғатты қорғау полициясының инспекторлары «Охотзоопром» өңірлік басқармасының өкілдерімен бірлесіп,  «Аңдасай» ерекше қорғалатын мемлекеттік табиғи аумағында «Ақбөкен» республикалық акциясын өткізу барысында ақбөкен аулаушы екі адамды ұстады. Олар Мойынқұм ауданының 23 және 24 жастағы тұрғындары болып шықты. 

Тексеру кезінде ұсталғандардан ақбөкеннің кесілген еттері,  2 аңшылық тегіс ұңғылы мылтық, оқ-дәрілер және пышақ табылып тәркіленді.

Осы дерекке қатысты ҚК-нің  337-бабы 4-бөлігімен (Заңсыз аң аулау)  сотқа дейінгі тергеу  амалдары басталды.

Күдіктілер өз кінәсін толық мойындады. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды.

Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде  мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, алты мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы