Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отырыста сотталушы Дидар Қалиахметтен жауап алынды. Өз жауабында ол оқиға орнына жақын жерде болғанымен, төбелеске араласпаған. Ағасы Санат Әбдіқадыр екеуі моншаға барып, одан соң туыстары Дәулет Мұратовпен бірге көлікке отырған.
Біз Санат Әбдіқадыр екеуміз моншадан шығып, сағат түнгі 12 жарым болып қалғанда ініміз Дәулет Мұратов бізді алып кетуге келді. Санатқа тиесілі Қызыл Elantra көлігімен шықтық. "Қамажай" дүкенінің алдына келіп тоқтағанда дүкеннің алдында 8-9 адамды көрдік. Мен бірінші түстім, олар маған амандасты. Ағамнан марқұм Ғайыпбаев: "Төбелеске келдіңдер ме?" деп сұрады. Санат: "Мен шалмын ғой" деді. Ғайыпбаев шалға ұқсамайтынын айтып, сөйлесіп тұрды. Осылайша, дүкенге кірдім, - деді айыпталушы.
Сол жерде Қаржаубай Нұрымовты көргенін айтты.
Далада шу болып кетті. Қаржаубай кассада тұрды, оның қолында пышақ барын көрдім. Өзімді қорғау мақсатында Қаржаубайдың қолынан ұстадым. Артынша көлікке мініп, қозғала бастадық. Шуды естіп, қайтадан шығып, көріп келейін деп ойладым. Төбелесті көрген соң бала-шағам бар ғой, нем бар бұл жерде деп кетіп қалдым. Одан соң біз Санаттың үйіне бардық, артынан жұбайым мені алып кетті, - деп жауап берді ол.
Адвокаттың неліктен полиция шақырмағаны туралы сұрағына қорқып кеткенін айтып ақталуға тырысты.
Мен қорқып кеттім. Өкінішке қарай, Қаржаубайдың отбасына көмектеспегеніме, полицияға хабарласпағаныма өкінемін. Өзінен және отбасынан кешірім сұраймын, - деді Дидар Қалиахмет.
Сот отырысы түстен кейін жалғасады.