Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының әскери білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде қорғаныс ведомствосының басшысы елдің жетекші әскери оқу орнында болды.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов әскери оқу орнының қызметімен және оны дамытудың басым бағыттарымен танысты.
Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Лұт Әлчекенов министрге офицерлерді оқыту процесінің барысы, ғылыми-зерттеу жұмыстары және оқу-материалдық базаның жай-күйі туралы баяндады.
Технопаркте қорғаныс ведомствосының басшысына роботтандырылған және геоақпараттық жүйелер зертханаларының беттік инженерия және 3D-принтинг мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен бірге, қазақстандық «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппаратын әзірлеу жөніндегі қызмет туралы лауазымды тұлғалар жеке тыңдалды.
Генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовқа арнайы әскери іс-қимылдарда командирлердің шешімдерін қабылдауға қолдау көрсетуге арналып әзірленіп жатқан «Е-шешім» бағдарламалық қамтылымының мүмкіндіктері көрсетілді және қорғалған желілерді құру жөніндегі электрондық бағдарлама таныстырылды.
Жұмыс сапары соңында Қорғаныс министріне оқу орнының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы ұсынылды. Қорғаныс ведомствосының басшысы Ұлттық қорғаныс университеті басшылығының алдына әскери білім беру жүйесін, қорғаныс және әскери қауіпсіздік саласындағы ғылыми қызметті одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырмалар қойды.