Қордағы қаражатты ем алу мақсатында қалай пайдалануға болады?

9 Қазан 2020, 17:52
1464
Бөлісу:
Қордағы қаражатты ем алу мақсатында қалай пайдалануға болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР eңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында зейнетақы қорындағы қаражатты қандай да бір қажетті ем-дом алу мақсатында қалай, қайтіп пайдалануға болатыны жөнінде түсіндіріп берді.

Егер мемлекет тарапынан азаматқа тегін ем немесе ота жасау қызметі көрсетілмейтін болса, азамат зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін пайдалана алады. Оны жергілікті денсаулық сақтау ұйымдары белгілейді. Емдеу шаралары немесе отаның тегін жасалмайтынын айғақтайтын анықтама негізінде бірыңғай оператор азаматтың өзі қалаған емхана, ауруханасына тиісті қаражатты аударып береді, - деді ол.

Министр Президент тапсырған әлеуметтік кодексті әзірлеу жұмыстарын бастау мәселесіне де тоқталды.

Бекітілген жоспар бойынша біз келер жылдың екінші тоқсанына әлеуметтік кодекстің тұжырымдамасын әзірлеуге тиіспіз. Бүгінде елімізде әлеуметтік мәселелер 17 заңмен және 100-ден аса нормативтік-құқықтық актімен реттеледі. Сондықтан барлық әлеуметтік қатынасқа байланысты мәселелердің бір заңға, бір кодекске қарағаны халыққа да, орындаушыларға да ыңғайлы болар еді. Біздің мақсат – заңдарды жинап, жүйелендіріп қою ғана емес, әлеуметтік кодексті әзірлеген кезде осы саладағы басқа да жүйелі мәселелерді шешуіміз қажет. Бұл ауқымды жұмыс, ол міндетті түрде қоғаммен талқылану арқылы жасалуы тиіс. Бүгінде министрлікте жұмысшы тобы құрылып, осы тұжырымдаманың жұмысшы нұсқасын, алғашқы ұстанымдарын әзірлеу үстінде. Одан кейін оны кең талқылауға шығарамыз, - деді ол. 

Біржан Нұрымбетов аталмыш мәселеге қызығушылық танытқан белсенді азаматтарды ойын айтып, пікір қосуға, ұсыныс тастауға шақырды.

Бұған дейін ол зейнетақы қорындағы қаражатты зейнеткерлер де пайдалана алатынын және қаражатты жақын туыстар үшін алуға болатынын хабарлады.

Өзгелердің жаңалығы