Қоқыс, құс және кедергі: Қазақстан әуежайлары маңынан қандай қауіп анықталды? 

Қазақстан әуежайлары маңынан қауіпті кедергілер мен рұқсатсыз қоқыс полигондары анықталды. Авиация саласында тағы қандай заңбұзушылықтар табылды?

 magnific.com Кеше 2026, 11:04
Кеше 2026, 11:04
283
Фото: magnific.com

Қазақстанда қадағалау шараларының қорытындысы бойынша жеті авиакомпанияның қызметі тоқтатылды немесе рұқсат құжаттары қайтарып алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Үкімет отырысында «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас атқарушы директоры Дэниел Майкл мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің қадағалауында елдің азаматтық авиация инфрақұрылымы толық қамтылған. Елде 104 әуе кемесін пайдаланушы жұмыс істейді, ал мемлекеттік тізілімде 973 әуе кемесі тіркелген. Сондай-ақ 25 сертификатталған әуежай, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша 28 ұйым, 21 авиациялық оқу орталығы бар.

Дэниел Майклдың сөзінше, 2025 жыл және 2026 жылдың бірінші тоқсанында авиация саласы субъектілеріне қатысты 1 202 инспекция жүргізіліп, 1 234 сертификат пен лицензия берілген.

Қадағалау және бақылау шараларының нәтижесінде жеті авиакомпанияның қызметі тоқтатылды немесе олардың рұқсат құжаттары қайтарып алынды. Сонымен қатар төрт авиациялық оқу орталығының және әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету мен жөндеу бойынша екі ұйымның сертификаттары тоқтатылды, – деді ол.

Оның айтуынша, сегіз әуеайлақта 15 рет операциялық шектеу енгізілген.

Әуежай маңындағы қоқыс полигондары қауіп тудырып отыр

Авиациялық әкімшілік басшысы әуежайларға жақын орналасқан қоқыс полигондары құстарды тартып, әуе кемелерімен соқтығысу қаупін арттыратынын айтты.

2025 жылы Қазақстанда құстармен соқтығысудың 208 жағдайы тіркелсе, биылғы бірінші тоқсанда тағы 33 жағдай анықталған.

Әуежайларға жақын орналасқан қоқыс полигондары әуе кемелерінің құстармен соқтығысу ықтималдығын арттырады және авиакомпаниялар үшін операциялық шектеулерге әкелуі мүмкін, – деді Дэниел Майкл.

Алматы мен Шымкентте жүздеген кедергі анықталған

Дэниел Майкл әуежайларға жақын аумақтарда кедергілер салу және жерді мақсатқа сай пайдаланбау мәселесіне де тоқталды.

Оның мәліметінше, Алматы әуежайының әуеайлақ маңындағы аумағында шамамен 160 кедергі, ал Шымкентте 150-ден астам кедергі анықталған.

Авиациялық әкімшілік бұл мәселені шешу үшін әуеайлақ маңындағы аумақтарды аймақтарға бөлу схемаларын әзірлеп, жергілікті атқарушы органдарға жолдаған. Алайда көп жағдайда бұл талаптар елді мекендерді дамытудың бас жоспарларына әлі енгізілмеген.

Бұл әуежайлар маңында жаңа кедергілер мен сәйкес келмейтін инфрақұрылымның пайда болуына әкеледі. Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әуежайларды тұрақты дамыту үшін жергілікті органдармен белсенді өзара іс-қимыл өте маңызды, – деп атап өтті ол.

Әуежайлардағы қызмет сапасы да тексеріліп жатыр

Авиациялық әкімшілік жолаушылардың құқықтарын қорғау және әуежайлардағы қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмысты да күшейткен.

Best Airport Service бастамасы аясында мониторинг жүргізіліп, жолаушылар арасында сауалнама алынады. Сонымен қатар ана мен бала бөлмелерінің жағдайы тексеріліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандық авиакомпаниялардың паркіне тағы 6 ұшақ қосылатыны айтылды

Сондай-ақ, Қатон-Қарағай, Зайсан және Кендірліде аэропорт салынып жатқаны хабарланды

Белгілі болғандай, Қазақстанда 4 жаңа халықаралық рейс ашылды.

Наверх