Қоқиқаздарды үркітпеңіз: Туристер мен блогерлерге үстірт қорығында дрон ұшыруға болмайтыны ескертілді

Табиғатты қорғау комитеті дрон пайдалануға қатысты ескерту жасады.

26 Қараша 2026, 19:25
АВТОР
 gov.kz 26 Қараша 2026, 19:25
26 Қараша 2026, 19:25
105
Фото: gov.kz

Әсерлі кадрлар түсіру қоқиқаздардың Үстірт мемлекеттік табиғи қорығына қайта оралмай қоюына себеп болуы мүмкін. Дрондардың дыбысы мен жақындауы құстарды күйзеліске түсіріп, қоректенуіне және тынығуына кедергі келтіреді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті құстар жаппай шоғырланатын аумақтардың үстінен ұшқышсыз аппараттардың ұшуы заңмен шектелгенін еске салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорыққа қоқиқаздардың ұшып келуі туристердің, фотографтар мен блогерлердің назарын аударады. Алайда түсірілім құстар үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Үстірт мемлекеттік табиғи қорығына қоқиқаздардың келуі – табиғаттың ерекше құбылыстарының бірі. Алайда әсерлі кадр түсіру мақсатында құстар шоғырланған аумақтарда заң талаптарын бұза отырып, дрон ұшыру олардың табиғи тіршілігіне қауіп төндіреді. Біз үшін бұл бірнеше секундтық әдемі бейне болса, құстар үшін – үлкен күйзеліс. Дронның дыбысы мен жақындауы қоқиқаздарды үркітіп, қоректенуіне және тынығуына кедергі келтіреді. Мұндай әрекеттердің қайталануы құстардың келесі маусымда осы аумаққа қайта оралмауына себеп болуы мүмкін, - деп хабарлады комитет өкілдері. 

Заң не дейді?

Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңының 14-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес итбалықтар, тұяқты жабайы жануарлар мен топтасып ұшатын құстар жаппай мекендейтін аумақтардың үстінен ұшақтардың, тікұшақтардың және өзге де ұшу аппараттарының 1 километрден төмен биіктікте ұшып өтуіне тыйым салынады.

Бұл талап дрондарға да қатысты. Заң талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті блогерлерді, фотографтарды, бейнеоператорларды және туристерді табиғат қорғау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Әлеуметтік желідегі қаралым мен танымалдық жабайы табиғаттың тыныштығынан жоғары тұрмауы тиіс. Қоқиқаздардың қайта оралуы үшін олардың тыныштығын бүгіннен сақтайық!, - делінген хабарламада.

Наверх